Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімовке қатысты қуанышты хабар жария болды

Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімовке қатысты қуанышты хабар жария болды
Асанәлі Әшімов. Фото: instagram.com/bagdat.ashimova

Алматыдағы "Жаңа ғасыр" театрына қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің есімі берілді. Енді мәдениет ошағы ресми түрде Асанәлі Әшімов театры деп аталады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл шешім белгілі актердің шығармашылық мұрасын ұлықтап, оның ұлттық театр мен кино өнеріне қосқан үлесін кейінгі буынға кеңінен танытуға бағытталған.

Асанәлі Әшімов ұзақ жылдар бойы сахна мен экранда жарқын образдар сомдап, актер ғана емес, режиссер, сценарист және ұстаз ретінде де қазақ мәдениетінде айрықша із қалдырды.

Жаңаша атауға ие болған театр алдағы уақытта дәстүрлі өнер мен заманауи бағыттарды сабақтастырып, көрерменге мазмұнды қойылымдар ұсынуды көздейді.

Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылғы 21 желтоқсанда 88 жасында өмірден өтті.

Ол 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген. Шығармашылық жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастап, кейін қазақ театр және кино өнерінің ең беделді тұлғаларының біріне айналды.

Асанәлі Әшімов "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" секілді танымал фильмдердегі рөлдері арқылы көрермен жадында қалды.

Оның есімінің театрға берілуі – өнер иесінің мол мұрасын сақтап, ұлттық мәдениет тарихындағы орнын тағы бір мәрте айқындаған маңызды шешім.