Қазақ баспасөзі олжалы болды: Ресейден “Балапан” журналы табылды

Қаракөз Амантай 03 қаз. 2025 09:23

Ресейден қазақ әдебиеті мен баспасөзі тарихына қатысты құнды олжа табылды. Қуанышты хабарды ақын Серікбол Хасан жеткізді. Айтуынша, көрші елге барған сапарында ол “Садақ” журналын қарастырып жүріп, қолжазба түрде жарық көрген “Балапанның” бір санын кездестірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақынның сөзінше, сүйінші жаңалықты белгілі ғалым Дихан Қамзабекке айтқанда, ол бұл дерек туралы “Егемен Қазақстан” газетіне жазып беруін сұраған.

"Бүгін газет бірінші беттен бастап жарқ еткізіпті. Осы орайда журналдың Омбыдан елге жетуіне жәрдем берген Қайырбек Кемеңгер, Асқар Раисов, газетке жариялаған Дихан ағаларға және қазіргі қаріпке аударған Абай Мырзаға алғыс айтамын", – дейді Серікбол Хасан.

Оның айтуынша, “Балапан" қолжазба журналының №9 саны госкаталог арқылы Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінің қорынан табылған. Журнал авторлары жазбаларын "Садақтағы" секілді қалам аттарымен жазған.

"Бұл нөмірге Серкенің "Көк төбетке", "Қонған жерімнен", "Абылай" (әңгіме), Бабасанның "Ақылсыз сұлу", Политиканттың “Мен де политик болайыншы" т.б. жазбалары жарияланған екен. Журналдың “Сөз басы” айдарында нөмірде жарияланған жазбаларға аңдатпа жасалса, соңындағы “Басқармадан” айдарында басылмай қалған мақалалар мен жазбалар туралы қосымша хабарлама беріліпті", — дейді ол.

Ақын аталған журналдың қысқаша тарихыны да тоқталды.

"Айта кетейік, “Балапан” қолжазба журналы 1916-1918 жылдары Омбыдан шығып тұрған. Шығарушылары – “Бірлік” ұйымы, редакторы Қошке Кемеңгерұлы болған. Осы уақытқа дейін журналдың бірде-бір саны табылмаған еді", - деп қосты ақын.

Серікбол Хасанның айтуынша, табылған бұл нөмір қазақтың қолжазба журналдар тарихын зерттеуде құнды дереккөз болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар