Қайрат Сатыбалдыұлынан не тәркіленді? Антикор жария етті

Сағыныш Сардарова 26 жел. 2024 16:56 779

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров елге қайтарылған активтер туралы айтты. Оның ішінде Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысы бар мүліктер де бар болып шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Антикор өкілі 2022 жылы агенттік мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,1 триллион теңгеден аса активтер мен қаражаттарды қайтарғанын еске салды.

"Оның ішінде 321,6 миллиард теңге көлеміндегі қаражат тікелей бюджетке қайтарылды. Қайтарылған активтердің қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзив асыл бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер, автокөліктер, акциялар, компаниялардағы үлестер, теміржолдар мен шетелден қайтарылған қаражаттар кіреді", – деді Бегайдаров Антикор брифингінде.

Оның айтуынша, биыл бірнеше нысан қайтарылған. Олардың ішінде Алматы қаласындағы құны 7,9 миллиард теңге болатын "Қайсар Тауэр" бизнес орталығы бар, бұл ғимарат Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына берілді.

"Сонымен қатар, Қазақ ұлттық өнер академиясына құны 800 миллион теңгеден асатын әкімшілік ғимарат тапсырылды. Елордада құны 5 миллиард теңгеден асатын үш зәулім үй Астана әкімдігінің балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансына берілді", – деді ол.

Бұған дейін бұл нысандар Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі екені айтылған болатын.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылғы наурызда қамауға алынды. Ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған еді. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда қызмет атқару құқығынан айырды.

Кейін Сатыбалдыұлының Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда жазасын өтейтіні белгілі болды.

Алайда кейінірек сот үкімі өзгерді, түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасына (3 жыл 3 ай) ауыстырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар