Қайрат Нұртас халыққа құпиясын ашуды жөн көріпті

Dalanews 14 қыр. 2016 01:03 283

Әнші «Қайраттың құпиясы» атты фильмнің түсірілім жұмыстарына дайындалып жатыр. Ол аталған туындыда жұрттан жасырған құпиясын ашатынын жеткізді. Бұл туралы Астана арнасының «Ел аузында» бағдарламасында айтқан.

Еліміздің елеулі, қалаулы әншісіне айналған Қайрат Нұртасты біреулер сынайды, енді біреулер ол үшін жылайды. Десе де, жігерлі жігіт сыннан сабақ алған сыңайлы. Бір минутын да бос өткізбей өнер иесі тағы да кино түсіріп жатыр. Алайда бұл жолы фильм бұрынғысынан өзгеше болмақ.

– Қайраттың құпиясы» деген жеке өзімнің фильміме дайындық үстіндеміз. Бұл жерде менің өзімнің құпиямды халыққа ашуды жөн көріп отырмын. Бар болғаны осы. Менде актер болып кетемін деген ой жоқ. Мен әрдайым әнші болып қала беремін, – дейді Қайрат Нұртас.

Соңғы уақытта Қайрат мырза жүрегіндегі жарасын әнмен емес, кино арқылы көрсетуді әдетке айналдырған сыңайлы. Бұл туынды кей көрермен үшін голливудтық туындыдан асып түспек. Себебі, туындыда әншінің жеке өмірі туралы баяндалуы мүмкін. «Фильмнің не туралы болатынын әзірге айта алмаймын. Өйткені, көрерменге қызық болмай қалуы мүмкін. Әзірге құпия болып қала берсін. Қазан айында, Алла қаласа, фильмнің түсірілім жұмыстарына кірісеміз», – дейді әнші.

Естеріңізге сала кетсек, бірнеше ай бұрын Сиви Махмұди Қайрат Нұртастың бұл фильміне әйелі мен оның төрт баласының түсетінін айтып қалған-ды. Десе де, Қайрат Нұртас бұл ақпаратты растаудан бас тартты.

 

Дереккөзі: kaz.caravan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар