“Қатемді мойындаймын”. Қайрат Әділгерей Құрманғазы баба туралы айтқан сөзі үшін кешірім сұрады

Қаракөз Амантай 13 ақп. 2026 15:29

Белгілі әзілкеш Қайрат Әділгерей әлеуметтік желіде күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы  туралы айтқан пікірі үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Кейінгі бір-екі күнде әлеуметтік желіде Құрманғазы атамыз туралы айтқан пікірім қатты талқыға түсіп жатыр. Тіпті Орал қаласының ақсақал алқабилері жиналып, осы видеодағы айтылған сөзге наразылық білдіріп, тіпті мені сотқа бермек екен. Осы ретте мен өзімнің қателігімді мойындаймын. Бұл осыдан үш-төрт жыл бұрын подкастта айтылған әңгіме болатын”, - дейді ол.

Әзілкеш тарихи орындарды аралап, бабалар рухына Құран бағыштауды дәстүрге айналдырғанын атап өтті.

“Жалпы мен өзім жүрген жерде бабалардың басына барып, аруақтарына Құран бағыштап, тарихи жерлерді аралағанды жақсы көремін. Кез келген тарихи жерде шырақшы, экскурсовод, яғни тарихшы болады. Мен бұл әңгімені сондай бабамыздың басындағы шырақшының өз аузынан естігенмін”, - деді ол.

Ол подкаст барысында естіген ақпаратты жастар тілімен еркін әрі дөрекі форматта жеткізгенін алға тартты.

“Оны мен мойындаймын, ол менің үлкен бір қателігім. Өздеріңіз білетіндей, подкаст өте еркін форматта жүргізілетін сұхбат. Сондықтан өзімді кішкене еркінсіп, эмоцияға беріліп, осы бір естіген ақпаратымды қате, дұрыс емес жеткіздім”, - деп қосты ол.

Сондай-ақ ол ақсақалдардың талабын орындауға дайын екенін айтып, 15 ақпанда Астрахань өңіріне барып, Құрманғазы бабаның басына зиярат жасап, Құран бағыштайтынын мәлімдеді.

“Осы екі-үш күнде Павлодар ауылына, яғни ауданына барып, бабамыздың басына Құран бағыштап, сол жердегі барлық жағдайды, мағлұматты, мәліметті сіздерге түсіндіремін. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ дейді. Сіздерден кешірім өтінемін және бабамыздың басына барған кезде тағы да толыққанды видеоны сіздерге түсіріп жеткіземін”, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әзілкеш Қайрат Әділгерейдің Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты айтқан пікірін сынға алған еді.

Даудың тууына әзілкештің Құрманғазы туралы кино түсіру тақырыбында айтқан пікірі себеп болған. Оның сөзінше, тарихи тұлғаларды тек бір қырынан ғана емес, басқа қырынан да ашып көрсету керек. Осы ойды жеткізу барысында ол Құрманғазының өміріне қатысты даулы сипаттамалар айтқан.

Ахметбек Нұрсила бұл пікірге жауап беріп, мұндай мәлімдемелерді орынсыз деп бағалады. Ол танымал тұлғалардың сахнаға шығып, киноға түсіп, той жүргізіп жүргенін атап өтіп, қоғам алдында жауапкершілік болуы керегін айтты.

Сондай-ақ кәсіпкер Құрманғазының есіміне қатысты айтылған сөздер үшін құқықтық баға беру қажет екенін мәлімдеп, бұл мәселені қоғамдық деңгейде талқылауға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove