"Қателікті бір адамға арту дұрыс емес": Мұхамеджан Тазабек Назарбаев дәуірі туралы айтты

"Қателікті бір адамға арту дұрыс емес": Мұхамеджан Тазабек Назарбаев дәуірі туралы айтты
Alash.kz коллажы

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек журналист Жанар Байсеміздің YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақынның айтуынша, оның көзқарасы нақты бір тұлғаға емес, жалпы билік жүйесіндегі құндылықтар мен басқару мәдениетіне бағытталған.

"Менің көзқарасым жеке тұлғаларға – Назарбаевқа, Тоқаевқа немесе басқа билік басындағыларға емес, жалпы биліктің құндылықтарына байланысты", – деді ол.

Тазабек "Тұңғыш президент" ұғымын отбасындағы тұңғыш баламен салыстырды. Оның сөзінше, отбасында тұңғыш балаға ерекше үміт артылатыны сияқты, елдің алғашқы президентіне де кең мүмкіндік пен айрықша өкілеттік берілген.

Ақынның пайымынша, сол кезеңде билік бір орталыққа шоғырланып, маңызды шешімдер көбіне бір жүйенің айналасында қабылданған. Дегенмен ол өткен дәуірдегі қателіктерді тек бір адамның атымен байланыстыру әділетті емес деп санайды.

"Назарбаевтың өзі де кадр мәселесінде де, басқа шешімдерде де қателіктер болғанын мойындаған. Кеңестік тапшылықтан кейін халық молшылыққа ұмтылды. Бұл бір адамның ғана әрекеті емес, тұтас қоғамның талпынысы еді", – деді Мұхамеджан Тазабек.

Оның айтуынша, 90-жылдар мен өтпелі кезеңде қоғамда әркім өз мүддесін күйттеген жағдайлар көп болды. Кейбір ықпалды азаматтар мен шенеуніктер мемлекет мүлкіне жеке меншігіндей қараған.

Тазабек билік жүйесіндегі кемшіліктерді түсіну үшін жеке тұлғаларды ғана емес, сол ортаны қалыптастырған қоғамдық сана мен құндылықтарды да саралау қажет екенін айтты.

"Қателіктерді бір адамға ғана таңу дұрыс емес. Патшаның жанындағылар да сол ортаны қалыптастырады. Төмен ойлайтындар адамдарды талқылайды, орташа ойлайтындар оқиғаларды сөз етеді, ал жоғары ойлайтындар құндылықтарды саралайды дейді. Сондықтан мен барынша құндылық тұрғысынан ойлауға тырысамын", – деді ақын.

Осылайша Мұхамеджан Тазабек Назарбаев кезеңіне баға бергенде эмоцияға емес, сол дәуірдегі қоғамдық ахуал мен билік мәдениетіне назар аудару керек деген ой айтты.