Қашаған төңірегіндегі дау: Қазақстанға ресми хабарлама келді

Қаракөз Амантай 03 нау. 2026 15:15

Әділет министрлігі Қашаған жобасына қатысушы мердігер компаниялар халықаралық арбитражға жүгінгенін хабарлады. Министрлік мәліметінше, тиісті өтінім 2026 жылғы 9 ақпанда Халықаралық инвестициялық дауларды реттеу орталығына жолданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қолданыстағы Үкімет регламентінің 6-тармағына сәйкес, мұндай дауларда мемлекеттің мүддесін осы іске жауапты мемлекеттік орган қорғайды. Ол үшін Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Үкімет аппараты басшысының арнайы тапсырмасы берілуі тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Қашаған кен орнын игеруге қатысатын халықаралық компаниялар Қазақстанға қарсы арбитраж рәсімін бастауға ниетті екені хабарланған еді. Бұл туралы Shell компаниясының өкілі мәлімдеген.

Nege.Aqsha телеграм арнасының мәліметінше, даудың туындауына күкіртті сақтау талаптарына байланысты салынған 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұл себеп болған. Былтыр желтоқсанда Астанадағы сот Қашаған консорциумының апелляциялық шағымын кері қайтарғаннан кейін, шетелдік акционерлер халықаралық төрелікке жүгіну туралы шешім қабылдаған.

Shell өкілінің айтуынша, компаниялар өздеріне тағылған айыптармен келіспейді және мәселені келіссөз арқылы шешуге тырысқан. Алайда бұл әрекеттер нәтиже бермеген соң, олар халықаралық келісімдер аясында арбитраж бастауға мәжбүр болған.

Сонымен қатар дереккөз мәліметінше, Қазақстан үкіметі де Қашағанға жақын орналасқан игерілмеген Ақтоты мен Қайран учаскелері бойынша жеке арбитраж процесін бастауды жоспарлап отыр. Ресми Астана аталған кен орындарын мемлекет меншігіне қайтаруды көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove