Қазақстанда мемлекеттік қаржыны цифрландыру бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсім қамтамасыз етіп, 2027–2029 жылдарға арналған бюджет қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге көлеміндегі тиімсіз шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің басшылығы Үкімет отырысында баяндады.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржыны бірыңғай цифрлық контурға көшіру жұмысын жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – жекелеген процестерді автоматтандырумен шектелмей, бюджет қаражатын жоспарлаудан бастап нақты пайдалануға дейін бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе қалыптастыру.
Digital Qazaqstan стратегиясы аясында бұл тәсілді 2029 жылға дейін мемлекет, бизнес және азаматтарға қатысты негізгі бағыттардың барлығына енгізу жоспарланған.
Салықтық әкімшілендіру саласында цифрландыру ауқымы да айтарлықтай өскен. Қазір жүйе арқылы 3,9 млрд операция жүргізіліп, 1,8 млрд электрондық шот-фактура рәсімделген. Ал тәуекелдерді басқару жүйесі 17,7 млрд құжатты өңдеген.
Smart Data Finance жүйесі арқылы 99 мың хабарлама жіберіліп, 2,9 млн транзиттік декларация шығарылған.
Министрліктің мәліметінше, цифрландырудың нақты қаржылық нәтижесі де бар. Оның есебінен бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсім қамтамасыз етілген.
Экономикалық белсенділікті көлеңкеден шығару бағытында да цифрлық құралдар қолданылып жатыр. 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі енгізілді. Бұл ретте әлеуметтік төлемдерді цифрлық платформа салық агенті ретінде 4 пайыз мөлшерінде ұстайды.
Бастапқыда «Яндекс» платформасынан басталған жүйеге қазір 38 платформа қосылған. Олардың қатарында inDrive, Wolt және Glovo бар.
Нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 14,5 мыңнан 805 мың адамға дейін өскен. Әлеуметтік төлемдер көлемі 1,4 млрд теңгеден 16,1 млрд теңгеге дейін артқан. Сонымен қатар 600 мыңнан астам бұрын тіркелмеген азамат ресми экономикалық айналымға тартылған.
Мемлекеттік шығындарды цифрландыру да негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Қазір бюджет қаражатының қозғалысы бюджетті жоспарлаудан және мемлекеттік сатып алулардан бастап қазынашылық атқару мен онлайн-мониторингке дейін бірыңғай цифрлық контурда бақыланады.
Тек бюджет жоспарлау кезеңінде фискалдық деректерді пайдалану арқылы жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік бар.
Ал 2027–2029 жылдарға арналған бюджет қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге көлеміндегі шығынның алдын алған. Осылайша цифрлық жүйе тиімсіз шығындарды кейін анықтап қана қоймай, олардың бастапқыда пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау шаралары да цифрлық бақылауға алынған. Бірыңғай жүйеде жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражатты қамтитын 150 мемлекеттік қолдау шарасы бақыланады.
Салықтық әкімшілендіруде «Салық сервис ретінде» қағидатына көшу көзделіп отыр. 2026 жылдың қаңтарынан бастап ҚҚС декларациясындағы 13 жол автоматты түрде толтырылады, мемлекеттік қызметшілердің декларациялары алдын ала жасалады, ал мүлік салығы автоматты түрде есептеледі.
«Контрагенттер» сервисі кәсіпкерге мәміле жасамас бұрын серіктесін тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған жеңілдетілген есептілік нысандары мен жалақыдан түсетін салықтарды автоматтандыру тетіктері енгізіліп жатыр.
Келесі кезеңде жасанды интеллектіні салықтық бақылауға кеңінен енгізу жоспарланған. Қазірдің өзінде ИИ камералдық бақылаудан бөлек 672 қосымша тәуекелді анықтаған.
Министрліктің айтуынша, мақсат тексерулер санын көбейту емес, бақылауды нақты әрі нысаналы ету. Анықталған тәуекелдердің бір бөлігі eGov Business пен жеке кәсіпкердің кабинеті арқылы көрсетілмек. Бұл бизнеске ықтимал мәселені тексеру басталғанға дейін анықтап, заң бұзушылықты алдын ала түзетуге мүмкіндік береді.
2029 жылға қарай Қаржы министрлігі көлеңкелі экономиканың деңгейін 13,8 пайызға дейін төмендетуді, шағын және орта бизнестің салықтық міндеттемелерінің кемінде 80 пайызын ИИ арқылы алдын ала толтыруды және адал салық төлеушілерге жүргізілетін тексерулер санын 50 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр.