Қазақстанда заманауи қару-жарақ пен әскери техника өндірісін ұйымдастыруға ниетті отандық инвестор жобаны бастай алмай әуреге түскен. Оның басты себебі Индустрия және құрылыс министрлігінің негізсіз бюрократияға жол беруі. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құзырлы органның дерегінше, министрлік инвестициялық келісімді қарауға арналған комиссияны заңда белгіленген 15 жұмыс күні ішінде құруы керек болған. Бірақ бұл іс 47 күнге созылып кеткен. Сонымен қатар салалық қорытынды шығару да 9 жұмыс күніне кешіктірілген. Жобаның жалпы қаралу мерзімдері де заңда көрсетілген уақыттан асып кеткен.
Аталған заңбұзушылықтар үшін Индустрия және құрылыс министрлігінің департамент директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
“Прокурорлар еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға баса мән беріп отыр. Бүгінге дейін 1 352 инвестордың 801 проблемалық мәселесі шешілді. Бұл бағыттағы жұмыс Бас прокуратура басшылығының ерекше бақылауында”, – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстан биыл тәуелсіздік жылдарында алғаш рет инвестиция тарту бойынша аймақтағы көшбасшылық орнынан айырылған болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұған мемлекеттік органдардың жүйелі бюрократиясы мен негізсіз қағазбастылығы себеп болып отыр.