Қарқаралыдағы кен жобасы: қарызға батқан актив кімнің қолына өтті?

Көркем Алдабергенова 14 сәу. 2026 09:19

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Көктасжал мен Қызылшоқы кен орындарында инвестор ауысты. Жер қойнауын пайдалану құқығы Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында тіркелген қазақстандық Altyndarа компаниясына берілді. Бірнеше жыл бойы тоқырауда тұрған жоба енді жаңа қаржылық модельмен және ауқымды жоспарлармен қайта іске қосылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Инвестор ауысқанға дейін кен орындарын «Алтай Полиметалдары» ЖШС игеріп келген, деп жазады Ulysmedia.kz. Алайда соңғы жылдары компания терең қаржылық дағдарысқа тап болды. Inbusiness.kz мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша компанияның шығыны 18,2 млрд теңге болған, ал табысы 17%-ға төмендеген. Қысқа мерзімді міндеттемелердің жалпы көлемі 305 млрд теңгеден асып кеткен.

Қарыздың негізгі бөлігі жобаны бастапқы кезеңде қаржыландырған Еуропалық қайта құру және даму банкі алдындағы міндеттемелерден құралған. Берешек 17,9 млрд теңгеге бағаланған, оның үстіне стратегиялық активтер мен жер қойнауын пайдалану құқықтары кепілге қойылған. Бұдан бөлек, APM Holding бас құрылымы мен өзге де кредиторлар алдындағы қарыздар, соның ішінде халықаралық институттар алдындағы міндеттемелер жағдайды күрделендірген. Соның салдарынан тәуекелі жоғары әрі күрделі қаржылық құрылым қалыптасқан.

Жағдайды сот даулары одан әрі ушықтырды. Астана халықаралық қаржы орталығы соты Сингапур арбитражының шешімін мойындап, оған сәйкес «Алтай Полиметалдары» және онымен байланысты байыту фабрикасы шамамен 14 млн доллар өтемақы мен айыппұл төлеуге міндеттелген.

Мәселе тек қаржыда емес еді. Әртүрлі кезеңдерде тау-кен жұмыстарының тоқтауы және байыту фабрикасының жұмысын доғаруы тіркелген. Бұған инфрақұрылымның тозуы мен жаңғырту қажеттілігі, соның ішінде қалдық сақтау қоймасының жағдайы себеп болған.

Сонымен қатар кәсіпорын жергілікті тұрғындардың бірнеше рет шағымына іліккен. Компания табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, бұл жобаға деген сенімді одан әрі әлсіреткен.

Енді актив Altyndarа компаниясына өтті. Компания жобаны толық қайта жүктеуді жоспарлап отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, даму тек кен өндірумен шектелмей, шикізатты терең өңдеуге бағытталмақ.

Сондай-ақ жобаны машина жасау және автокөлік өндірісі сияқты салалармен байланысты өндірістік тізбектерге енгізу қарастырылуда. Яғни, Көктасжалды проблемалы кен орнынан индустриялық кластерге айналдыру көзделіп отыр.

Инвестор мынадай ауқымды жоспарларын жария етті: 500 млн доллардан астам инвестиция салу; тау-кен жұмыстарын кеңейту; жаңа кен алаңын іске қосу; Қызылшоқы учаскесінде тау-кен байыту комбинатын салу; 800-ден астам жұмыс орнын ашу.

Бағалау бойынша, кен қоры 50 млн тоннадан асады, оның ішінде 500 мың тоннадан астамы - дәлелденген мыс қоры.

Жаңа инвестор үшін негізгі міндет - өндірісті іске қосудан гөрі, жиналып қалған проблемаларды шешу. Бұл - қарыздар, сот міндеттемелері және, ең бастысы, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған экологиялық тәуекелдер.

Altyndarа осы «ауыр мұраны» қалай еңсеретіні Көктасжалдың шын мәнінде тиімді өндірістік жобаға айнала ма, әлде Қазақстанның тау-кен саласындағы тағы бір сәтсіз тәжірибе болып қала ма - соны анықтайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove