Qarmet “Батыс Қаражалдың” болашағына қайта жол ашты

Qarmet “Батыс Қаражалдың” болашағына қайта жол ашты
Фото: Qarmet

"Батыс Қаражал" ұзақ жылдар бойы темір кені өндірісінің негізгі нысандарының бірі болып келеді. Алайда қолданыстағы қорлар біртіндеп сарқылып, тереңірек қабаттарды игеру жұмыстары ұзақ уақыт бойы іс жүзінде жүргізілген жоқ. Кеңес дәуірінің өзінде кен орнының батыс бөлігінде тереңдігі 700 метрден асатын оқпандар қазылғанымен, кейін олар консервацияланды. Одан кейінгі жылдары бұл бағытты ауқымды түрде дамыту мәселесі қайта қолға алынбады, деп хабарлайды dalanews.kz.


Сала ардагерлері оқпандарды консервациядан шығарып, жаңа қорларды игеру қажеттігін бірнеше рет көтерді. Олардың айтуынша, мұндай жұмыстар жүргізілмесе, кәсіпорынның өндірістік әлеуеті біртіндеп төмендей берер еді. Qarmet келгеннен кейін бұл мәселе бүкіл кен орнының болашағы үшін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырыла бастады. Шахтаның одан әрі дамуына өндіріс көлемі ғана емес, Қаражал қаласының тұрақтылығы, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы және оған іргелес аумақтардың экономикасы да байланысты.

Владимир Полищук темір кені саласына 40 жылға жуық өмірін арнаған. Соның 25 жылын тікелей шахтада өткізді. Қазір ол Қаражал колледжінде тау-кен мамандығы бойынша білім алатын студенттерді оқытып, болашақ мамандарға тәжірибесін үйретіп жүр.

"Біз кен орнының батыс бөлігін дамыту қажеттігі туралы көп жыл бойы айтып келдік. Онда Кеңес дәуірінде қазылған оқпандар бар. Алайда олар 1994 жылы консервацияланды. Бұған дейін бұл мәселеге ешкім қайта оралмады. Тек қазір, Qarmet келгеннен кейін ғана оларды қалпына келтіру және алдағы уақытта пайдалануға дайындау бойынша нақты жұмыстар басталды", – дейді Владимир Полищук.

Қазір шахта қолданыстағы +44 метрлік қабатта жұмысын жалғастырып жатыр. Ондағы қорлар біртіндеп сарқылуға жақын. Сондықтан алдағы негізгі міндет – тереңірек қабаттарға көшу және кен орнының батыс бөлігін дамыту.

Расталған қорлар алдағы бірнеше онжылдыққа жоспар құруға мүмкіндік береді. Мұнда шамамен 500 миллион тонна темір кені және 300 миллион тоннаға жуық марганец кені бар. Болашақта жаңа қабаттарды игеру темір кенінің өндірісін жылына 6 миллион тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ марганец өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруге тиіс.

Маратбек Бәкенов салада 40 жылдан астам еңбек етіп, жерасты тау-кен шеберінен басшылық қызметтерге дейінгі жолдан өтті. Қазір ол темір кені департаменті бас директорының кеңесшісі болып жұмыс істейді.

"Соңғы жылдардағы басты өзгеріс – кәсіпорынның қайтадан болашағы пайда болды. Қазір төменгі қабаттарды дайындау және кен орнының батыс бөлігін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл тек қолданыстағы қорлармен жұмыс істеу емес, болашақ өндірістің негізін қалау. Егер біз бұл жұмысты бастамағанда, қазіргі қорлар биыл-ақ таусылып, алып нысан жабылу қаупіне тап болар еді", – деді Маратбек Бәкенов.


Жаңа учаскелерді толық іске қосу үшін бірқатар кешенді жұмыс атқарылуы қажет. Атап айтқанда, оқпандарды қалпына келтіріп, жабдықтау, көтергіш құрылғыларды орнату, жаңа жерасты қазбаларын дайындау, көлік, энергиямен жабдықтау және кен өңдеу инфрақұрылымын жаңарту көзделген.

Сонымен қатар қолданылатын техника да өзгеріп жатыр. Бұрын жұмыстың едәуір бөлігі қолмен басқарылатын жабдықтардың көмегімен орындалса, қазір кәсіпорын біртіндеп заманауи өздігінен жүретін техникаға көшіп келеді. Жаңа бұрғылау қондырғылары, жерасты автосамосвалдары, электровоздар, вагонеткалар мен вагон аударғыштар жеткізіліп жатыр.

"Заманауи техника жұмысты жылдам орындауға мүмкіндік береді, адамдардың еңбегін жеңілдетеді және еңбек өнімділігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді", – дейді Маратбек Бәкенов.

Кенді өңдеу кезеңі де жаңартылып жатыр. Кәсіпорында бұрандалы сепарацияға арналған жабдық орнатылуда. Бұл ондаған жыл бойы кәсіпорын аумағында жиналған шламды алғаш рет өңдеуге, оның құрамындағы пайдалы компоненттерді бөліп алуға және қосымша тауарлық өнім өндіруге мүмкіндік береді. Өзгерістер еңбек жағдайын да қамтыды. Жерасты жұмысшылары үшін бұрынғы үш ауысымды кестенің орнына екі ауысымды жұмыс тәртібі енгізіліп, тегін тамақтану ұйымдастырылды.

Қаражал үшін кәсіпорынның дамуы қала ортасына салынатын инвестициялармен қатар жүріп жатқаны ерекше маңызды. Кеншілер күніне орай Qarmet Қаражалда жаңа саябақ ашты. Бұл – қала тұрғындары мен кәсіпорын қызметкерлерінің отбасыларына арналған заманауи қоғамдық кеңістік. Бұған дейін аумақ қараусыз жатқан болса, қазір қаладағы ең танымал орындардың біріне айналған. Компания Қаражал қаласына арнайы және жолаушылар тасымалдайтын техникалар табыстады. Сондай-ақ қалалық электр желілеріне түсетін жүктемені азайту үшін трансформатор сатып алды.

Балабақшадағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, мектепке дейінгі инфрақұрылымды дамыту мәселесі қарастырылуда. Меморандум аясында Qarmet сұранысқа ие медицина мамандарының Қаражалда қалып, еңбек етуі үшін оларға ай сайын 200 мың теңгеден қосымша ақы төлейді.

"Батыс Қаражал" ардагерлері үшін қазіргі өзгерістердің маңызы ерекше. Олар көп жыл бойы алға жылжып, жаңа қабаттарды игеру қажеттігін айтып келді.

Енді бұл мәселе талқылаудан нақты іске ұласты. Бұрын консервацияланған оқпандарды қайта ашу, жаңа қорларды игеру, заманауи техника сатып алу және кен өңдеу ісін дамыту «Батыс Қаражалға» жаңа өндірістік кезең бастап, бүкіл қаланың ұзақмерзімді болашағына негіз қалауға тиіс.