Қаржылық кеңесші: Несие аларда неге назар аудару керек?

Dalanews 04 мам. 2021 12:40 1194

Статистика бойынша әрбір үшінші қазақстандық несие алады. Ұлттық Банк мәліметі бойынша 2020 жылы елімізде берілген несиелердің жалпы сомасы жарты триллион теңгеге жуықтаған.

Несие санының көбеюімен бірге, оны қайтара алмай, сот орындаушыларының талабы бойынша есеп-шоттары бұғатталып жатқан азаматтардың да саны артуда. Мұндай келеңсіз жағдайлардың басым бөлігі еліміздегі қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігінен орын алып отыр. Несиенің барлық шарттарымен алдын-ала таныспай, банк менеджерінен толық кеңес алмай, қарыз келісім-шартына қол қоя салудың соңы түрлі түсініспеушіліктерге апарып соға бастады.

Көкейкесті осы тақырыпта азаматтарға дұрыс бағдар беру үшін Dalanews.kz порталы «Каржылық кеңесші» айдарының тұсауын кесіп, жеке қаржы менеджменті, ақшаны жинау мен пайдалану, несие түрлеріне арналған мақалалар сериясын жариялайтын болады.

Бүгін Банк ВТБ (Қазақстан) баспасөз-қызметінің көмегімен, несие аларда неге назар аудару керектігін толықтай талқылайтын боламыз.

 

Шарттарға назар аударамыз


Кредитті рәсімдемес бұрын қарыздың барлық негізгі шарттарымен алдын-ала танысып алу өте маңызды. Бірінші кезекте несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ЖТСМ) назар аудару қажет.

ЖТСМ өнім шарттарында көзделген комиссияның барлық түрлерін қамтиды. Тиісінше, ЖТСМ неғұрлым жоғары болса, клиентке кредит соғұрлым қымбатқа түседі.


ЖСТМ туралы біз мақала барысында толық талқылайтын боламыз.

Оған қоса, назар аударуыңыз тиіс маңызды шарттарға несиенің сомасы, мерзімі және өтеу түрі кіреді.

 

Аннуитет немесе сараланған төлем. Өтеу түрін таңдаудан қателеспейміз 


Кредиттік өтінім берген кезде клиент кредитті өтеудің өзіне неғұрлым қолайлы әдісін – сараланған немесе аннуитеттік әдісін таңдауға құқылы. Әр әдіс өзінің артықшылықтарына ие.

  • 1. Сараланған төлем (дифференциалды)


Сараланған төлемдер кезінде негізгі борыштың сомасы несиенің ортақ мерзіміне теңдей бөлінеді. Ал сыйақы негізгі борыштың қалдығына есептеледі. Нәтижесінде, ай сайын төлем сомасы кеміп отырады. Тиісінше, клиенттің әр айға төлемдері әр түрлі болмақ. Алайда, өтеудің осы әдісінде банктің клиенттің төлем қабілеттілігіне өте жоғары талап қоятынын ескергеніңіз жөн. Себебі, басында төленетін сома үлкен. Оған қарағанда аннуитетті төлем түрінің талаптары жұмсақтау болып келеді.

  • 2. Аннуитет


Аннуитеттік әдіс клиентке бірдей төлем қабілеттілігімен, кредиттің максималды рұқсат етілген сомасын алуға мүмкіндік береді. Оның басты себебі - ай сайынғы төлем негізгі қарыздың қалдығына сыйақы есептелетін тең мөлшерде бөлінеді. Сәйкесінше, ай сайынғы төлем мөлшері сараланған төлем әдісіне қарағанда аздау болады және несиенің барлық мерзімінде өзгермейді. Сіз ай сайын кредиттің соңына дейін белгілі бір соманы өтеп отырасыз.

Аннуитеттік төлем кестесінде қарыз алушыға белгіленген төлем мөлшерін есте сақтау оңайырақ, бұл мерзімін өткізіп алу тәуекелін азайтады. Банк тәжірибесіне көз жүгіртсек, көбіне клиенттер осы аннуитет түрін таңдайды, себебі төлем сомасы аздау және кредиттің максималды сомасын алуға жақсы мүмкіндік бар.

Номиналды ставкаға емес, ЖТСМ-ға назар аударамыз


Заңға сәйкес ЖТСМ есебіне клиенттің негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдері енеді. Оған банктік қарыз шартында көзделген кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ банктік қарыз шартын жасасу күніне белгілі төлем мөлшерлері мен мерзімдері кіруі тиіс. Сондықтан ЖТСМ мәні әрқашан сыйақының номиналды мөлшерлемесінен жоғары болады, өйткені номиналды мөлшерлеме – бұл негізгі борыштың қалдығына есептелетін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі.

Бұл ретте, банк жарнамасын қарастырған кезде несиенің номиналды ставкасына емес, ЖТСМ-ға қарап, өзіңіздің нақты негізгі қарыздың үстінен төлейтін сомаңыз бен басқа да шығындарыңызды есептей аласыздар.

Dalanews.kz қаржы кеңесшісі сіздің жеке ақша менеджментіңізді жақсартуға арналған. Қаржылық сауаттылық сізді алаяқтардан қорғап, несиені барынша жеңіл шарттармен алуға және ақшаңызды тиімді жұмсауға жол ашады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар