Qazaq Air акцияларын сату бойынша бірнеше рет өткізілген конкурс шарттарына сәйкес келетін өтінімдер болмауына байланысты жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Ресми дерекке қарағанда «Самұрық-Қазына» қоры мемлекеттік әуе тасымалдаушысының 49-дан 100%-ға дейінгі акцияларын үшінші рет сатуға әрекет жасап көрді.
Компания алғаш рет 2023 жылы әуе тасымалдаушысын 10,2 млрд теңге бастапқы бағасымен бәсекеге шығарған. Сондай-ақ сатып алушы Qazaq Air-дің «Самұрық-Қазына» қоры алдындағы 38,4 миллиард теңге қарызын өтеуді өз мойнына алуы тиіс еді. Дәл осы шарт екінші сауда да сақталды. Алайда, екеуі де сәтсіз аяқталды.
"2024 жылғы 9 қаңтарда жарияланған Qazaq Air АҚ акцияларының 49-дан 100%-ға дейінгі бөлігін сату бойынша конкурс жарамсыз деп танылды", - деп жазды үшінші конкурстың нәтижесін «Самұрық-Қазына» қоры.
Ал былтырғы қарашада Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев Qazaq Air мен Ақтөбе әуежайын вьетнамдық SOVICO холдингі сатып алуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Демек, соңғы деректегі мәліметтер Үкіметтің бұл жоспарының да орындала қоймағанын көрсетеді.