"Қарғысты қайтарамыз". Қарағандыда зейнеткер бір сәтте 15 миллион теңгесінен айырылған

"Қарғысты қайтарамыз". Қарағандыда зейнеткер бір сәтте 15 миллион теңгесінен айырылған
ІІМ

Қарағандыда өзін "емші" әрі "балгер" ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның 15 миллион теңге тұратын алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға былтыр желтоқсанда болған. Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімеге тартқан. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткердің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетуге көшкен. Күдіктілердің бірі әйелге "жақын адамы салған ескі қарғыс бар" екенін айтып, оны дереу қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Осындай үрейлі сөздерге сенген зейнеткер алаяқтардың әрбір нұсқауын бұлжытпай орындаған.

Әйелдер алдымен "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғыларды жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында қарғыстан арылу үшін барлық алтын бұйымы мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Өз кезегінде олар мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге әкелу керектігін айтқан.

Алайда сол түні-ақ күмәнданған зейнеткер түйіншекті ашып көргенде, ішінде бос қағаз ғана жатқанын байқаған.

Тергеу барысында күдіктілер Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ, Жетісу облысының тұрғындары екені анықталды. Жедел ақпарат негізінде күдіктілер Теміртау қаласында жүргені белгілі болып, олар ұсталды.

"Қазір бұл дерек бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция.