Freedom Inside '26

Қарашығанаққа байланысты газ тапшылығы болатыны рас па? Министрлік жауап берді

Қарашығанаққа байланысты газ тапшылығы болатыны рас па? Министрлік жауап берді
ашық дереккөз

Энергетика министрлігі "Қарашығанақ кен орнының жұмысына байланысты елде сұйытылған газ тапшылығы туындайды" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, елдің батыс өңірлеріне газ тұрақты жеткізіліп жатыр. Ол жергілікті тұрғындардың, көліктердің және транзиттік көліктің сұранысын толық қамтамасыз етеді.

Министрлік Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары басталмай тұрып-ақ жеткізу бағыттарын қайта қарап, қосымша қор бөлген. Бұл профилактикалық жұмыстар кезінде газ тапшылығына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысына әкімдік маусымда 18 мың тонна газ сұратқан. Алайда өңірге 19,5 мың тонна бөлінген. Сонымен қатар, сұраныс артуына байланысты "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ қорынан қосымша 1,5 мың тонна газ жеткізілген. Отын күн сайын жөнелтіліп жатыр.

Ал Атырау облысының айлық қажеттілігі 9 мың тонна деп есептелсе, өңірге 11,6 мың тонна сұйытылған газ бөлінген. Министрлік бұл көлем өңір сұранысын толық өтейтінін мәлімдеді.