Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін елімізде босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеріс жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптары сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады.
"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті - салдармен күресу емес, қатердің алдын алу. Әрбір жағдай кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, науқастардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуға тиіс", – деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарауды, профилактикаға басымдық бере отырып, санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын жаңартуды, сондай-ақ, әрбір жағдайдың туындау себептеріне объективті баға беруді тапсырды.
Еске салайық, жуырда Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасында үшем шетінеп кетті, әйелдің отбасы бұған дәрігерлерді кінәлады.