Олжас Бектенов жылу көздерін жаңғырту қарқынына қатысты әкімдіктер жұмысындағы олқылықтарға тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Ал Маңғыстау облысында "МАЭК-тің" 2-ші жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген.
Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10 сәуірден бері басталған жоқ. Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарының қарқыны да тым баяу.
"Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылау жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражат жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті", - деп атап өтті премьер-министр.
Өңір әкімдіктері конкурстық рәсімдерді екі апта ішінде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі керек.
"Басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыздан кешіктірмей аяқтау қажет. Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған қауіп бойынша шұғыл әрекет етуді тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.