Qarmet компаниясының «Шахтинск» шахтасында жаңа FS 400 өндіру комбайнын монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Заманауи тау-кен техникасы өндіру забойларында көмірді екі бағытта кесуге және тиеуге арналған. Жақын уақытта жабдық 16 Д1–Д2 лавасында пайдалануға беріледі. Бұл учаскедегі көмір қоры 500 мың тоннадан асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
FS 400 жоғары өнімділігімен және заманауи техникалық шешімдерімен ерекшеленеді. Оның электрқозғалтқыштарының жалпы қуаты 780 кВт, ал қоректенуі 1140 В кернеулі желіден жүзеге асырылады. Комбайн беріліс қозғалтқыштарының жиілік арқылы реттелетін жүйесімен жабдықталған, бұл жұмыстың бірқалыпты әрі тиімді жүруін қамтамасыз етеді. Құрылымында щеткалық тораптың болмауы жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартып, техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтады.

«SL 300 комбайнымен салыстырғанда жаңа машинаның қуаты екі есе артқан. FS 400 қабат биіктігі 0,9-дан 4 метрге дейінгі жағдайда өндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді, ал оның қозғалыс жылдамдығы минутына 23 метрге жетеді. Бұл көмір өндіру қарқынын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті монтаж-демонтаж учаскесінің механик орынбасары Ардақ Алтай.

Комбайнды әзірлеу кезінде автоматтандыру мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Машинаны Bluetooth технологиясы арқылы жұмыс істейтін радиопульттердің көмегімен қашықтан басқаруға болады. Бұл комбайнерге қауіпті аймақтан тіреу секцияларының он бөлігіне дейінгі қашықтықта жұмыс істеуге мүмкіндік береді, соның арқасында өндірістік жарақат алу қаупі төмендейді.
«Жаңа машинада деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуді және барлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін заманауи процессорлар қолданылған. Негізгі функциялардың барлығы қашықтан басқару пультінде қолжетімді, сондықтан комбайнерге магниттік станцияға үнемі барудың қажеті жоқ. Барлық қажетті параметрлер экранда көрсетіледі. Сонымен қатар қорғаныс жүйелері қарастырылған: шамадан тыс жүктеме туындаған жағдайда автоматика өздігінен әрекет етіп, ықтимал ақаулардың алдын алады», — деді «Шахтинск» шахтасының бас механик орынбасары Владимир Пожидаев.

Жетілдірілген мониторинг жүйесі нақты уақыт режимінде жабдықтың негізгі жұмыс параметрлерін — кернеуді, ток күшін, туындайтын қателер мен ықтимал жүктемелерді көрсетеді. Бұл мамандарға техниканың жағдайын жедел бақылап, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар комбайн көрсеткіштері Qarmet Көмір департаментінің диспетчерлік-талдау орталығына да тікелей шығарылады.

Қауіпсіздікті арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында шаң басу жүйесі жаңартылды. Суару шығыны минутына 280 литр, бұл өндіру кенжарында шаң деңгейін едәуір төмендетеді. Комбайнның бүкіл ұзындығы бойына авариялық тоқтату сақиналы құрылғылары орнатылған, төтенше жағдай туындағанда жақын маңдағы кез келген жұмысшы жабдықты бірден тоқтата алады.

Сонымен қатар комбайнның лавамен қозғалу жүйесі жетілдіріліп, машинаның сенімділігі мен көмір өндіру тиімділігі арттырылды. Қазіргі уақытта өндіруші компанияның мамандары іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізіп, шахта қызметкерлерін жаңа жабдықты пайдалану және техникалық қызмет көрсетуге үйретуде. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін комбайн бөлшектеліп, жер астына түсіріліп, тікелей өндіру забойында қайта құрастырылады.

Qarmet көмір кәсіпорындарын техникалық жаңғырту жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұған дейін компанияның басқа шахталарына тау-кен қазбаларын дайындауға арналған КП-21 үңгу комбайндары және төменгі кластағы FS 300 өндіру комбайны жеткізілген болатын.
Жаңа техниканы пайдаға беру — Qarmet шахталарын ауқымды жаңғыртудың кезекті кезеңі. Бұл жабдық көмір өндіру өнімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге және жаңа учаскеде көмір қорларын тиімді игеруге мүмкіндік береді.