Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылы маңындағы табиғи өрт толық сөндірілген жоқ. 17 тамызда таңертең құтқарушылар өрт аумағын әуеден бақылап, жаңа ашық ошақтарды анықтамаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
ТЖМ мәліметінше, сағат 08:00-де әуеден жүргізілген бақылау кезінде жаңа өрт ошақтары тіркелмегенімен, өртті оқшаулау және толық жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Алайда түнде жағдай қиын болған. Жаңатоған ауылы маңындағы өртті сөндіруге қатты жел мен таулы жер бедері кедергі келтірген. Кейбір ошақтарға жету қиын болғандықтан, оқиға орнына қосымша күш пен техника жіберілген. Ауылды қорғауға құтқарушылар мен жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылдырылып, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылған.
Өрт кезінде ауыл тұрғындары да өз күштерімен тілсіз жаумен күресуге шыққан. Әлеуметтік желіде тараған жазбаларда тұрғындар жақындары бірнеше күннен бері өртпен арпалысып жатқанын айтып, көмек сұраған.
"Таңғы сағат 5:00, ұйқы жоқ... Ауылымыз өртке оранып жатыр. Жылаған ащы дауыс, үркіп үйде жалғыз қалған аналар, тілсіз жаумен екі күннен бері күресіп жатқан ауыл азаматтары", - деп жазды тұрғындардың бірі.
Тағы бір жазбада ауыл маңындағы қыстаулар мен қысқа дайындалған шөп өртеніп кеткені айтылған.
"Қаншама қысқа жинаған шөп, қыстақтар өртеніп кетті, әлі де өрт өршіп тұр! Өтініш, ауылымызға көмектесіңіздер", - делінген жазбада.
Сонымен қатар, бұған дейін тұрғындар өртті сөндіруге қажет техника жеткіліксіз екенін айтып, алаңдаушылық білдірген. Кейбірі өрт ауылға жақындағанын айтып, туыстары үшін алаңдаған. Өрт салдарынан бір ер адам зардап шеккен. Оның денесінің 50 пайызы күйіп қалған.