Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында болған дала өртінен екі ер адам зардап шекті. 1989 және 1970 жылы туған тұрғындар медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әкімдік мәліметінше, зардап шеккендердің бірінің денесінің 10 пайызын, екіншісінің 20 пайызын күйік шалған. Қазір екеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр.
"Дәрігерлер пациенттердің жағдайын тұрақты деп бағалап отыр", - делінген әкімдік хабарламасында.
Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин Жаңатоған ауылының маңындағы өртті сөндіруге 159 адам мен 52 техника тартылғанын мәлімдеді. Ал Бесоба ауылы маңындағы қыстаулардың жанынан шыққан үш өрт ошағы толық жойылған.
Ақтоғай және Шет аудандарындағы табиғи өрттер де сөндірілді. Қазіргі уақытта аталған аудандардағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында.