Freedom Inside '26

Қарағанды облысында «Ашық полиция» бағдарламасы аясында халықтың киберқауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті

Қарағанды облысында «Ашық полиция» бағдарламасы аясында халықтың киберқауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті

Қарағанды облысы әкімдігі Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық прокуратурасымен және Қарағанды қаласы Полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімімен бірлесіп, «Ашық полиция» бағдарламасы аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған республикалық деңгейдегі профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, құқықтық тәртіп пен киберқауіпсіздік саласының мамандары қатысты. Кездесу барысында азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау, киберқылмыстардың алдын алу, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық ортада жауапты мінез-құлық қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушыларға интернет-алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері, әлеуметтік инженерия әдістері, сондай-ақ әлеуметтік желілерді, мобильді қосымшалар мен онлайн-банкинг қызметтерін пайдалану кезінде жеке ақпаратты қорғаудың практикалық жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық прокуратурасы бөлімінің прокуроры Гүлсара Серікқызы Керімжанова ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу цифрландыру дәуірінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Біздің міндетіміз құқық бұзушылық фактілеріне ғана әрекет ету емес, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың алдын алу, – деді ол.

Ал Қарағанды қаласы Полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Михаил Юрьевич Калашиди қазіргі киберқылмыстардың күрделеніп, технологиялық тұрғыдан дамып келе жатқанын айтты.

– Осыған байланысты халыққа жеке деректерді қорғау тәсілдерін түсіндіру және алаяқтық схемаларды дер кезінде танып-білуге үйрету негізгі бағыттардың бірі болып табылады, – деді бөлім басшысы.

Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері де тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін және оның қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне тікелей әсер ететінін жеткізді.

Іс-шара қорытындысында мемлекеттік органдардың кешенді профилактикалық жұмысы киберқылмыс тәуекелдерін төмендетуге және азаматтардың цифрлық кеңістікте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.