Қарағандыда полиция бекетіндегі қыздың өлімінен кейін тағы бір қызметкер қызметінен кетті

Қаракөз Амантай 14 қар. 2025 15:43

Қарағанды облысында полиция бекетіндегі қыздың өлімінен кейін учаскелік инспектор теріс себептермен қызметінен босатылды. Ол қайғылы оқиға болған күні ес-түссіз күйде марқұмның жанынан табылған еді. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.

"Ауруханадан шығарылған учаскелік инспектор ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан босатылды. Тергеудің мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – делінген ресми хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам 23 қазан күні ауруханадан шыққан.

Еске салайық, бұған дейін аталған оқиғадан кейін бірқатар басшы қызметтерінен босатылғаны туралы жазған едік. 

Атап айтқанда:

  • Михайлов полиция бөлімінің бастығы Асқар Сәдуақасов;
  • бөлім бастығының қызмет жөніндегі орынбасары;
  • учаскелік инспекторлардың жұмысын қадағалаған бөлім бастығының орынбасары қызметтерінен босатылды.

Сонымен қатар Қарағанды қалалық полиция басқармасындағы бірнеше жетекшіге бақылаудың әлсіздігі үшін сөгіс жарияланған.

Бұл шешім 30 қыркүйекке қараған түні болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданған. Алдын ала деректерге сәйкес, учаскелік инспектор 23 жастағы Альмира есімді қызды түнгі кезекшілік кезінде полиция бекетіне алып келген. Бұған дейін де ол қызды жұмыс уақыты кезінде алып келгені белгілі болған.

Таңертең аға учаскелік инспектор қызды диванда өлі күйінде, ал 36 жастағы майор Даурен Досовты жұмыс үстелінің жанында ес-түссіз күйде тапқан. Ер адам ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырған.

Алдын ала болжам бойынша, олар белгісіз заттан уланған болуы мүмкін. Қазір тергеу және қызметтік тексеріс жалғасып жатыр.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар