Қарағандыда 200 мыңдай адам ғана тұратын ауданды безендіруге 1 миллиардтай ақша жұмсалмақ

Көркем Алдабергенова 28 ақп. 2024 11:41 2437

Қарағандыда 200 мыңға жуық адам ғана тұратын ауданды безендіруге 950 миллион теңге ақша жұмсалмақ, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Әңгіме қаладағы Қазыбек би ауданы жайлы болмақ. Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, ауданда 192 мың адам тұрады.

Мемлекеттік сатып алу порталында ауданға қатысты қызық лот пайда болған. Тапсырыс беруші - Қазыбек би ауданы әкімдігінің аппараты. Ауданда алдағы үш жылда болатын мерекелер кезінде безендіруге 950 миллион теңге жұмсалмақ. Конкурсқа қатысуға өтініштер 20 наурызға дейін қабылданады. 

Бұл қаржы бірнеше мейрам күндері ауданды безендіруге жұмсалатын көрінеді. Оның ішінде, халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы, Бірлік күні, Отан қорғаушылар күні және тағы басқалары бар. 

Айта кетейік, бұған дейін Талдықорғанда шенеуніктер белгісіз көшелерді "жөндеуге" қыруар қаржы жұмсамақ болғаны анықталған еді. Құны 500 миллион теңгеден асатын қала көшелерін жөндеуге конкурс жарияланған кезде тапсырыс беруші жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған, әр көшедегі жұмыстың сметалық құнын анықтамай, ақаулы актілерді ұсынбаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар