Қарағанды облысында жол апатынан 7 адам қаза тапты: ҚазАвтоЖол тасжолға қатысты түсінік берді

Көркем Алдабергенова 09 шіл. 2025 11:00

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Астана – Қарағанды – Алматы» бағытындағы автожолда жылдамдықты бақылайтын арнайы құралдар орнатылып жатқанын мәлімдеді. Бұл жол қауіпсіздігін арттыру және тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында қолға алынған шара. Айта кетейік, осы тасжолда жеті адам қаза тапқан еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания жүргізушілерге жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде жылдамдықты төмендету қажеттігін қатаң ескертті.

«Жөндеу аумақтарында 90, 70, 50 және 20 км/сағ шектеулерін көрсететін белгілер, сондай-ақ басып озуға тыйым салатын және жөндеу туралы алдын ала ескертетін жол белгілері қойылған», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі.

Алайда компания жүргізушілердің кейбірі жол ережелерін сақтамайтынын айтып, дабыл қағуда. Олардың арасында жылдамдықты асырған, тыйым салынған аумақтарға кіріп кеткен және жөндеу аймағында басып озуға тырысқандар да бар. Мұндай әрекеттер тек өз өміріне емес, жол жөндеу жұмыстарына қатысып жатқан мамандардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілердің салғырттығының нақты мысалы ретінде жеті адамның өмірін жалмаған ірі жол апаты туралы мәлімет таратты.

«Өкінішке қарай, алдын ала мәліметке сәйкес, 454-шақырымда жол белгілері мен таңбаларын сақтамау салдарынан апат орын алды. Бұл жол-көлік оқиғасы жеті адамның өліміне алып келді», – деп жазылған ресми хабарламада.

Қайғылы оқиға 6 шілде күні Қарағанды облысының Ақшатау кенті маңында болған. Kia Sedona автокөлігінің жүргізушісі Балқаш қаласына бара жатқанда, жол белгілерін елемей, алда келе жатқан көліктерді басып озуға тырысып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеге шығып кеткен.

Салдарынан көлік апатқа ұшырап, өртеніп кеткен. 7 адам оқиға орнында көз жұмып, жүргізуші мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілген.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшысы Азамат Ахметовтің айтуынша, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жолда барынша мұқият болуға және тәртіпті ұстануға шақырды. 

«Бір сәттік жауапсыздық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әр жүргізуші жолда тек өз өміріне емес, айналасындағы адамдарға да жауапты екенін ұмытпауы керек», – дейді компания өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар