Серік Сәпиев туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрлік мәліметінше, Серік Сәпиев туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – жазғы ХХ Азия ойындарына дайындық штабының спорт бойынша үйлестірушісі болып тағайындалған.
"Бұл шешім былтыр күшіне енген "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңның жаңа редакциясында көзделген ротация аясында қабылданды", - деп жазылған хабарламада.
Серік Сәпиев - бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы.
Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған.
Қазіргі таңда ол - Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің президенті. Штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері және спорт саласының ардагерлері енді. Олар дайындықтың әрбір кезеңін пысықтап, қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, бүгін, 3 ақпанда Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Еске салайық, бұған дейін Серік Сәпиев соққыға жығылып, орынбасары тергеуге алынғанын хабарлаған едік.
Артынша желіде оқиғаның видеосы тарады. Серік Сәпиев сол күні даулы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған еді.
Бұл оқиғаға байланысты Қарағандының Спорт басқармасында аудит жүргізілетіні де айтылды.
