Қалдық, климат және көміртек: Мәжіліс жаңа экологиялық түзетулерді қарауда

Қалдық, климат және көміртек: Мәжіліс жаңа экологиялық түзетулерді қарауда
pixabay.com

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралуда, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленіп, 2025 жылғы 15 қаңтарда Парламент Мәжілісіне енгізілген. Құжаттың негізгі мақсаты – экология саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Жоба аясында экологияны цифрландыру, көміртекті офсеттерді реттеу, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту, өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру, сондай-ақ экологиялық бақылау мен ұлттық гидрометеорологиялық қызметті жетілдіру көзделіп отыр.

Сонымен қатар құжатта мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу және қоғамдық тыңдаулар өткізу тәртібіне қатысты нақтылаушы түзетулер қарастырылған.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірнеше бағыт бойынша қосымша ұсыныстар енгізген.

Атап айтқанда, инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жобалары үшін экологиялық рұқсаттар алу мерзімдерін қысқарту ұсынылған. Бұл норма теңіздегі көмірсутектерді барлау жобаларына қолданылмайды.

Сондай-ақ көмірсутектерді барлау, газды, мұнайды және мұнай өнімдерін магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау қызметін I санаттағы объектілерден II санаттағы объектілерге ауыстыру мәселесі қаралған.

Депутаттар уәкілетті органның қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін ұйымдастыруға қатысты құзыретін нақтылауды да ұсынған. Оның ішінде жарнама, білім беру және маркетингтік іс-шараларды қаржыландыру тәртібін бекіту мәселелері бар.

Бұдан бөлек, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдіктеріне коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру құзыретін беру ұсынылып отыр.

Заң жобасында қалдықтарды тұрақты есепке алу нысанын бекіту және оны толтыру тәртібін айқындау мәселесі де қамтылған.

Сонымен бірге өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының өкілеттігін кеңейту ұсынылған. Атап айтқанда, мемлекеттік орман қоры аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағытын бекіту қарастырылған.

Құжатта климаттық қаржыландыру қағидаларын және Париж келісімінің 6-бабы аясындағы нарықтық тетіктерді іске асыру тәртібін бекіту бойынша уәкілетті органның құзыретін енгізу ұсынылады.

Мәжіліс комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытынды берген.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин комитет заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауға болады деп есептейтінін мәлімдеген.