"Қалай ғана орнында отыр?". Наразы жұрт министрдің отставкаға кетуін талап етті

Dalanews 25 ақп. 2020 12:29 855

Қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің абақтыда көз жұмғаны белгілі болғаннан кейін Нұр-Сұлтандағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдына бір топ адам жиналды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Наразы топ қоғам белсендісінің қазасын тергеу жұмыстары бұрмаланбауын және министр Ерлан Тұрғымбаевтың отставкаға кетуін талап етті

"Мұндай масқарадан кейін Тұрғымбаев өз қызметінде бір сәтке де отыруға тиіс емес", – дейді белсенді Бибігүл Тұяққызы. 


Бұдан соң Ағаділдің жақтастары ІІМ ғимаратына апаратын жолды жауып тастауға талпынды. Алайда оқиға орнына бірнеше автобуспен жеткен бір топ полицей жағдайды дереу бақылауға алып, әлгі жерде 30 шақты азаматты құрықтады.



Абақтыда көз жұмған 42 жасар Дулат Ағаділ саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды босату, елде демократия орнату мен адам құқығының сақталуын талап еткен белсенді ретінде белгілі. Ол бұған дейін бірнеше рет наразылық акцияларына шығып, қамауда болған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода қоғам белсендісі полицейлердің өзіне қысым жасағанын айтқан.

"Құқық қызметкерлері екі жылдан бері мені көшеде, я көлікте кетіп бара жатқан жерімнен еш негізсіз ұстап әкетуді әдетке айналдырды. Жұрттың көкейіндегі мәселені айтқаны үшін белсенділерді қудалауға салып, заңсыздықтарға жол беріп отырған Целиноград ауданы полиция, сот және прокуратура органы басшыларын жауапқа тартуды талап етемін" – деген еді Ағаділ.

Әлеуметтік желіде тараған тағы бір видеода Ағаділ Қазақстан президенті Тоқаевқа, бұрынғы президент Назарбаевқа және Бас прокурорға үндеу жасаған.

"Халыққа қарасыңыздар, халықпен ойнамаңыздар. Тағы да айтамын, елім, жерім деген адамдарды қудалауды, репрессияны тоқтатыңыздар!" деген Ағаділ қазіргі кезде Қазақстанда қамауда отырған, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Арон Атабек, Макс Боқаев, Серік Жахин, Алмат Жұмағұлов, Мұхтар Жәкішев, Қайырлы Омар сынды азаматтарды бостандыққа шығаруды талап еткен болатын.

Былтырғы жылдың қараша айында Дулат Ағаділдің уақытша қамау изоляторынан қашып шыққаны хабарланды. Белсендінің өзі мұны: "жазықсыз қудалау мен заңсыздық қашуға мәжбүр қылды" деп түсіндірген.

Еске салайық, бұған дейін Нұр-Сұлтанда тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділ қайтыс болғаны хабарланған.  Сот сараптамасы қорытындысы оның ұсталған кезде мас күйде болғанын көрсетті.

Полицейлердің мәліметінше, өілмнің алдын ала себебі – жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі. Денесінде ешқандай жарақат болмаған. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ағаділдің адвокаты полиция құрықтаған кезде марқұм мас күйде болғанына сенбейді.

"Оның ұсталған кезіндегі видеосы бар, сап-сау. Менің марқұмның қорғаушысы ретінде міндетім - тергеу амалдарының объективті жүруін қадағалап, оның бұрмалауына жол бермеу. Бұл шынайы әрі әділетті тергеу болуы тиіс", – дейді Бауыржан Азанов.

https://youtu.be/YQlorD_mIiU

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар