Кедір-бұдыр жол, дрифт және жылдамдық: Алматыда JAC көліктері сынақтан өтті

Кедір-бұдыр жол, дрифт және жылдамдық: Алматыда JAC көліктері сынақтан өтті
Фото: JAC

8 қазанда Алматы маңындағы халықаралық “Сокол” автожарыс алаңында JAC Drive іс-шарасы өтті. Журналистер, блогерлер, автоблогерлер мен көлік сарапшылары бас қосқан жиында жаңартылған JAC JS6 таныстырылып, брендтің бірнеше моделі арнайы дайындалған жолдарда сыналды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңартылған JAC JS6 таныстырылды

Іс-шара қонақтарды қарсы алып, тіркеуден басталды. Қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, таныстырылым алдында кофе-брейк ұйымдастырылды.

Одан кейінгі ресми бөлімде JAC Motors Qazaqstan басшылығы мен JAC Global өкілдері сөз сөйлеп, жаңа көлікті таныстырды.

JAC Global өкілі Альберт жаңартылған JAC JS6 моделінің дизайны мен сапасына ерекше мән берілгенін айтты.

"Бүгін жаңа JAC JS6 моделін таныстыру мақсатында осында болу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл көлікте тартымды дизайн мен сенімді сапа үйлесім тапқан. Ол жүргізушілерге жайлы әрі жағымды қозғалыс тәжірибесін ұсынады", - деді ол.

JAC Motors Qazaqstan дистрибуциясының өкілі Тимур Рахманкулов жаңа модельдердің таныстырылуы брендтің Қазақстан нарығындағы ауқымды жоспарының бір бөлігі екенін жеткізді.

"Бұл көліктің және алдағы жаңа үлгілердің шығуымен біз брендтің көрсеткіштерін жақсартып, үлкен мақсаттарға жетуге күш саламыз. Бұл жолда серіктестеріміздің қолдауына да сенеміз", - деді Тимур Рахманкулов.

Көліктің шуы азайып, қысқы мүмкіндіктері кеңейген

Ресми бөлімнен кейін JAC Motors Qazaqstan өнім менеджері Никита Безуглов жаңартылған JS6 көлігін таныстырып, оның негізгі ерекшеліктерін түсіндірді.

Айтуынша, көліктің акустикалық жайлылығын арттыруға айрықша көңіл бөлінген. JS6 моделіне Full NVH Package кешені енгізіліп, шу оқшаулау сапасын жақсартуға арналған 54 шешім қолданылған. Кузовтың саңылаусыздығы жетілдіріліп, құрылымның төрт бөлігі қосымша күшейтілген. Дөңгелек пен қарсы соққан ауадан шығатын шуды азайту бағытында да өзгерістер жасалған.

Жаңартылған модель Қазақстанның қысқы жағдайына бейімделген. Көлікте барлық орындықты, рульді, алдыңғы әйнекті, бүйір айналарды және әйнек жуғыш бүріккіштерді жылыту мүмкіндігі қарастырылған. Қозғалтқышты қашықтан іске қосу жүйесі де бар.

Жүргізушіге көмектесетін электронды жүйелер де жетілдірілген. Көлік жолақтан шығып кету қаупін ескертіп қана қоймай, жүргізушіге белгіленген жолақтың ішінде қалуға көмектеседі. Сондай-ақ белсенді круиз-бақылау мен кептелісте қозғалысты жеңілдететін Traffic Jam жүйесі орнатылған.

"Өзгерістер көліктің ең маңызды бағыттарын қамтыды. Дизайн жаңартылып, жүргізушіге көмектесетін жүйелер жетілдірілді. Қашықтан іске қосу және қысқы мүмкіндіктер көлікті бұрынғыдан да қолайлы ете түсті", - деді Никита Безуглов.

JAC JS6 көлігіне қуаты 174 ат күшіне тең, көлемі 1,5 литрлік турбиналы бензин қозғалтқышы орнатылған. Айналу моменті 280 Нм. Қозғалтқыш жеті сатылы роботтандырылған беріліс қорабымен жұмыс істейді.

Қазақстан нарығында модель екі нұсқада ұсынылады. Luxury жинақтамасының бағасы 9 миллион 590 мың теңге болса, Intelligent нұсқасы 9 миллион 990 мың теңгеге бағаланған.

Таныстырылымнан кейін қонақтар көліктің сыртқы пішінін, салонын және жабдықтарын жақыннан көрді.

Тест-драйв бірнеше бағытта өтті

Көліктерді сынауға кіріспес бұрын нұсқаушы-пилоттар қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Бұдан кейін жүргізушілер бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі бағытқа шықты.

Тест-драйв off-road, картинг және дрифт жолдарында өтті. Жол талғамайтын көліктерге арналған алаңда су өткелдері, тік өрлер, шұңқырлар мен биік кедергілер дайындалған. Қатысушылар осы бағытта көліктердің күрделі жолдан өту қабілетін байқап көрді.

Қалалық модельдер картингке арналған тегіс жолда сыналды. Мұнда жүргізушілер көліктің жылдамдық үдетуін, тежелуін және бұрылыстағы тұрақтылығын тексерді. Дрифт алаңында көліктердің шұғыл қозғалыс кезіндегі басқарылуына назар аударылды.

Түскі үзілістен кейін топтар бағыттарын ауыстырып, тест-драйвтың екінші кезеңіне кірісті. Осылайша қатысушылар JAC-тың қалалық және жол талғамайтын бірнеше моделін түрлі жағдайда жүргізіп көрді.

Көлік жолды жақсы ұстайды

Нұсқаушы-пилот Владимир Маслив JAC J7 көлігінің техникалық мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, модельге 1,5 литрлік турбиналы қозғалтқыш пен вариатор орнатылған.

Көліктің жабдықтары жинақтамасына қарай өзгереді. Кейбір нұсқаларында жол белгілерін тану, көлікті жолақта ұстап тұру, бейімделетін круиз-бақылау, төтенше жағдайда автоматты тежеу және айналаны толық көрсететін камералар бар.

"Трекпен жүріп өткен кезде көлік жолды жақсы ұстайтынын көрсетті. Басқарылуы мен тежелуі сенімді, жүрісі жұмсақ әрі бірқалыпты. Бұрылыстарда кузов қатты қисаймайды. Жалпы, техникалық тұрғыдан жақсы көлік", - деді нұсқаушы-пилот Владимир Маслив.

Қатысушылардың алған әсері

Блогер-журналист Ернар Алмабек бұған дейін де бірнеше автокөліктің тест-драйвына қатысқанын айтып, бұл жолғы сынақ ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, әр көліктің ерекшелігі ескеріліп, соған сай жеке бағыттар мен кедергілер әзірленген. Соның арқасында қатысушылар көліктерді әртүрлі жол жағдайында жүргізіп, олардың мүмкіндігін жан-жақты бағалай алған.

"Тестілеу алаңы кең, қатысушыларға көліктерді еркін сынап көруге мүмкіндік берілді. Әдетте тест-драйв кезінде мұндай жағдай жиі жасала бермейді. Бұл жолы әр көліктің ерекшелігі ескеріліп, жолда кездесуі мүмкін кедергілер алдын ала дайындалған. Маған әсіресе осы тұсы ұнады", - деді ол.

Ернар Алмабек жол талғамайтын көліктер су өткелдерінен, дөңестер мен ірі кедергілерден еркін өткенін атап өтті. Сондай-ақ қалалық модельдердің жылдамдығы, бұрылыстағы тұрақтылығы және шағын кедергілерден өту мүмкіндігі де көңілінен шыққан.

"JAC JS6 осындай күрделі кедергілерден өте алады деп ойламадым. Соңғы кедергі шынымен биік болды. Оны тіпті таулы жерлерге арналған жол талғамайтын көліктерге лайық сынақ деуге болады. JS6 көлігінің сол жерден өткенін көріп, өзім де жүргізгеннен кейін таңғалдым. "Мықты екен" деген әсер қалдырды. Сондықтан оның жүрісіне жоғары баға беруге болады", - деді блогер-журналист.

"Сокол" алаңындағы бірнеше сағатқа созылған тест-драйв барысында қатысушылар JAC көліктерінің жылдамдығын, басқарылуын, тежелуін және күрделі жолдардан өту мүмкіндігін іс жүзінде тексерді.