Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza бизнес орталығы қайтадан сатылымға шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл жолы нысанның бастапқы бағасы 7 миллиард теңгеге төмендетілген. Сауда-саттықтың жаңа бағасы 54 миллиард теңге болып белгіленді. Аукцион бағаны көтеру тәсілімен өтеді.
Бизнес орталық бұған дейін де, яғни 7 сәуірде сатылымға шығарылған еді. Ол кезде бастапқы құны 61,5 миллиард теңге болғанымен, сатып алушы табылмады.
Бизнес орталық Қайтарылған активтерді басқару компаниясының қарамағында. Нысанды бұған дейін мемлекетке Қайрат Сатыбалды тапсырған. Тергеу барысында ғимарат заңсыз жолмен алынғаны анықталып, 2023 жылы Қаржы министрлігінің балансына берілген.
Kaisar Plaza - Желтоқсан көшесінде орналасқан тоғыз қабатты кешен, панорамалық қабаты мен автотұрағы бар заманауи сауда-кеңсе орталығы. Нысанның жалпы аумағы - шамамен 64 мың шаршы метр. Қазір мұнда 53 жалға алушы жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі банктер, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық тамақтану орындары бар.