“Қабырғасы жарылып, зең басқан”. Қарағанды облысында жаңа салынған үйлердің сапасы сын көтермей тұр

Қаракөз Амантай 26 қар. 2025 12:34

Белгілі журналист Иван Стрижаков Қарағанды облысы Бұхар-Жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа үйлердің жағдайын көзбен көріп қайтты. Оның сөзінше, мемлекет қаржысы есебінен салынған, құны 50 миллион теңгеге бағаланған баспаналардың сапасы сын көтермейді. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, мәселені ашық көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Стрижаковтың айтуынша, жаңа үйлердің іші ылғал, қабырғалары сыз тартып тұр. Терезелерінен су сорғалап, бөлмелерде көгеру пайда болған. Балалары ауырып, мазасыз күйге түскен тұрғындар журналистен көмек сұраған.

“Бұл — әлеуметтік осал топтарға арналған баспаналар. Әр үйдің құны шамамен 50 миллион теңге. Бірақ жағдайын көріп тұрсыздар: үй жаңа болса да, қабырғалары жарылып, терезелері су өткізеді. Тұрғындар маған ылғалдың көп екенін, сыздан балалар ауырып жатқанын айтты. Ең басты сұрақ: осындай үйлерді қабылдап алған аудандық ТКШ бөлімінің жауапкершілігі қайда?” – деді журналист.

Стрижаковтың айтуынша, бұл үйлер халыққа тегін берілмеген. Тұрғындар ай сайын жалға алу ақысын төлейді. Кейін үйді сатып алғысы келсе, 10% көлемінде алғашқы жарна енгізуі тиіс. Соған қарамастан, сапасы талапқа сай емес. Бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын тудырып отыр.

“Кепілдік мерзімі өтіп кетпей тұрып, тұрғын үйлерге техникалық сараптама тағайындау қажет. Құзырлы органдар бұл мәселені назарға алғаны жөн”, – деді ол.

Тұрғындардың шағымы

Ауыл тұрғындарының бірі журналиске үй ішіндегі жағдайды көрсетіп шықты. Оның айтуынша, үй тапсырылған күннен бастап ақаулар бірінен соң бірі шыға бастаған.

“Мына жерді біз шұлықпен бітеп жүрміз, өйткені есіктің асты тесік, суық жел соғады. Терезелер үнемі терлейді, бұрыштарды зең басқан. Қабырғалар жарылып жатыр, олар тек сыртын ғана сылап қойған. Шынымен қарасаңыз, жарық сауысқандай жылтырап көрінеді. Мына жерден қатты суық жел соғады, ал қазір қыс таяп келеді. Бір бөлмеде тұтас қабырға түсіп қала жаздады”, — дейді тұрғын.

Сонымен қатар ол жуынатын бөлмеде де ақаулар көп екенін айтады.

“Жуынатын бөлмеде былтыр су атқылап шықты. Себебі крандардың гайкасы мүлдем қатырылмаған екен. Қабырғаға су шашырап, бәрі бүлінді. Желдеткіш те дұрыс орнатылмаған, одан су тамшылайды. Терезелер сарғайып, кейбір жерлері үгітіліп жатыр. Ең сорақысы – зең. Мұнда үш бала өсіп жатыр, ал бөлмелердің бәрі сыз. Бүгінде вирус өршіп тұр, балаларымыз ауырып, мектепке бара алмай қалды. Денсаулықтарына алаңдаймыз”, — деп қосты ол.

Оның айтуынша, тұрғындар талай рет ТКШ бөліміне жүгінгенімен, тек “уәде берумен” шектеліп, нақты ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

“Біз талап етіп отырған жалғыз нәрсе – уәде берген жұмысты орындаңыздар. Артық нәрсе сұрамаймыз. Үйді жөндеп берсеңіздер болды” – деп аяқтады сөзін тұрғын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар