Қ. Жүкешеев. Орыс әдебиетіндегі "деревенская болезнь" (Жалғасы)

Dalanews 10 шіл. 2016 03:50 912

Белгілі философ Қанағат Жүкешеев “Жұлдыз” журналына қазақ тілінің мәдени кеңістіктегі орнын және қазақы дүниетанымның шығармашылық әлеуетін сараптаған “Қазақ тілінде қандай мәдениет жасалды?” деген терең талдауы жарияланыпты. Қазақ әдебиеті, бейнелеу өнері, скульптура саласындағы шығармашылық үлгілердің жалпы бағыты мен бағдарына шолу жасап, ондағы кемшіліктерді ашалап көрсете отырып, ол кемшіліктер неден шығады, мәдениет дамымаған ұлтта қандай жадағай бейнелер мен іс-әрекеттер көрініс береді, мәдениет пен билік жүйесінің арақатынасы қалай болу керек деген сұрақтарға да толымды жауап берген. Әрқашан бөлекше ойлап, өзгеше сараптайтын ойшыл ғалымның бұл кеңқұлашты мақаласы оқырмандарды бейжай қалдырмас деген ниетпен жариялап отырмыз.

(Жалғасы. Басы өткенде жарияланған)

ОРЫС ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «ДЕРЕВЕНСКАЯ БОЛЕЗНЬ»

Ол кезде орыс тілін меңгере қоймаған қазақ жазушыларының одақтық мәдениеттің ұланғайыр кеңістігінде не болып жатқанынан мағлұматтары тапшы болатын. Кеңес әдебиетінде болып жатқан құбылыстар мен үдерістерден хабарсыздығын өзі әшкерелеп бергендердің бірі сыншы Б.Сарбалаев болды. Ол сұрақты былай қойды: «Орыстарда неге қалаға қарсылық мәселесі қозғалмайды? Олар неге қалаға араша түсіп жатпайды?» Іле ол өз сұрақтарына өзі дайын жауабын берді. «Өйткені, - деп түсіндірді қазақ сыншысы, – оларда мұндай толғақты мәселе жоқ. Оларда жоқ болса, бізде бұл алаңсыз жоқ емес пе?» (Қазақ әдебиеті, 10.08.1984.).

Әрине, қазақ сыншысы өзінің ауылындағы киіз үйінің сұлбасындай таным кеңістігімен қала мен деревня арақатынасының орыс әдебиетінде сипатталуының толғақты мәселелерінен хабарсыз болатын. Қала мен деревняны бірін біріне қарсы қоюды алдымен бастаған орыстар екенін, бұл құбылыстың XX ғасырдың екінші жартысында орыс әдебиетінде  «деревенская болезнь» деген атпен көрініс бергенін аталған сыншы білмейтін. «Деревня дертіне» ұрынғандар да орыс «шестидесятниктері» арасынан шықты. 60-70 жылдары бұл бағыт оларда да кең қанат жайды. «Деревенская проза» деген ұғым пайда болды. Бұл ағымның кейбір өкілдері орыс әдебиетіне көркемдік жағынан бірегей туындылар берді.

Деревняны қызғыштай қорғап, онда тұратын адамдардың адамгершіліктілігі мен арлылығы туралы шығармаларында ғана емес, қойған фильмдерінде де көп өзек еткендердің бірі В.Шукшин еді. Ол Сібірдің тұнық табиғатын, орыс деревнясы адамдарының махаббатын, ар тазалығын, олардың аңқаулығы мен сауатының кемшіндігінен туындап жатқан орашолақ әрекеттерімен қабыстыра, табиғи қалпында, шынайылықпен суреттеді. Деревняны уағыздап, оған қарсы қала өмірінің көлеңкелі тұстарын әшкерелеп, жастарды қалаға кетпеуге шақырған мақалалар жазды. Сондықтан алтайлық қаламгердің шығармаларымен таныс болған қазақ ауылшылдары оны қатты қадірлейтін. Оны бетке ұстап, «ренессанс тұлға» деп, ауыл мен қала туралы сөз болғанда оның кейіпкерлерін үлгі ретінде келтіріп жататын.

Алайда, кейінірек орыс «деревняшылдары» райынан қайтты. Олар деревня тұрғындарының моральдық қасиеттері жағынан қалалықтардан «артықшылығын» уағыздаудың, жастарды деревняда қалуға үгіттеудің, ондағы өмірді идеалдаудың заманауи өркениеттің даму заңдылықтарымен үйлеспейтінін түсінді. Бұған дейін деревняшылдығымен айшықты көзге түсіп жүрген В.Шукшин де бұрын ұстанған бағытын өзгертіп, «...село мәдениеті қалада жасалады. Түптеп келгенде, село мәдениеті деген мүлдем болмайды» [Шукшин В. Вопросы самому себе // Собрание сочинений в трех томах. Т.3. М.: «Молодая гвардия», 1985. 583-б.] деп, деревняда мәдениет болмайтынын мойындаған мақаласын жазды. Ал соңғы сұхбаттарының бірінде ол «Алғашында мен крестянды деревняда ұстап қалуға әрекеттендім. Осы тақырыпқа мақалалар жазуға, үндеу салуға батылым барды. Артынан бұл қылығымның келеңсіздігін түсіндім» деп ағынан жарылған болатын.

80-жылдары орыс әдеби басылымдарында деревняшыл бағыттардың ақылға сиымсыздығын әшкерелеген, өткір пікірлер молынан жариялана бастады. Солардың бірі жазушы Георгий Семенов қала мен деревняның арақатынасы хақында былай деп жазды: «Мен деревняны да, қаланы да бірдей назар сала, қызыға жазамын. Мен «қазіргі заманның адамгершілік тірегі – деревня, бәрі наннан бастау алады, ал нан – деревняда» дегенді естігенде таң қаламын. Және мен, егіншінің алдында басымды ие отырып, неге біз адамгершілікті таза географиялық ұғымға таңатынымыздың мағынасына жете алмаймын?» (Семенов Г. Живые картины // Литературная газета, № 36, 1985).

Өткен ғасырдың 90-жылдарына қараған шақта деревняшылдық ағым ретінде орыс әдебиетінің аспанынан сейілген тұманша көзден ғайып болды.

 

ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢНІҢ ӘДЕБИЕТІ

Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде де қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің ұстанған тақырыбы мен мазмұны өзгере қоймады, сол бұрынғыша, шектеулі, ауыл адамдарынан өзгелерге түсініксіз, индустриялы қоғамға кірікпейтiн, ауылдан тыс жерлерге таралмайтын күйiнде қала бердi.

2001 әдеби жыл қорытындысында романдар туралы жасаған баяндамасында Ж. Дәдебаев былай талдау жасады: «жарық көрген романдарды тақырыптық-жанрлық белгілеріне қарай екіге бөліп топтастыруға болады: а) тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар; ә) әлеуметтік-тұрмыстық тақырыпқа жазылған шығармалар»... (Дәдебаев Ж. Айтылар сөз әлі алда // Қазақ әдебиеті, 11.04.2003.)  Солардың ішінде баяндамашы 4 романда адам мен аңның тіршілігі өзара байланыста суреттелетінін атап өтеді.

Баяндамашының Т.Әлжантегінің «Қым-қиғаш тіршілік» романы туралы ілтифатты пікірі тоқталып өтуге тұрарлық. Өйткені, бұл шығарма тағы сол, қала адамы мен ауыл адамын қатар ала отырып, олардың алдыңғысын жексұрын, соңғысын сүйкімді етіп көрсететін салыстырмалы ассоциация әдісімен жазылған.

Баяндамашының  түйіндеуінше: автор «әлеуметтік-тұрмыстық, адамгершілік сипаттағы мәселелерді көтерген... Қаладағы үлкен баласының тірлігіне, ісіне ауру әкенің көңілі толмайды. Оны өзінің жаназасына шақырылатын ет жақындарының тізіміне қоспайды.... Бір әке, бір анадан туған екі баланың екі түрлі ісі, екі түрлі қылығы, ауылдағы ұлдың жөнге, жүйеге жүйріктігі, кісілігі, қаладағы ұлдың жаттығы, бөтендігі секілді жайлар оқиға желісін түзеді» (сонда).

Бұл жерде өткен ғасырдың ортасынан бастап қазақ жазушыларының талайының шығармасына өзек болған, үнемі қайталанатын, сонысымен көзқарақты оқырманның ызасын келтіретін, таптаурын сюжетпен тағы ұшырасамыз.

Қазақты аймақтандыру идеясынан әлі бас тартпай келе жатудың келесі бір мысалдарын поэзиялық шығармалардан келтірейік:

«Кедейленген көңілге ем бола ма,

Кеткім келіп тұрады кең далаға.

Көшіп алған қалаға мен де кеще,..

Қала – менің қатыгез өгей анам...» (И. Сапарбай. Барамыз еркек кіндік езге айналып. «Жас Алаш» 2014).

«Бет ауған жаққа шықтым да,

Қаладан  қаштым мен зеңіп,..»  (Я. Амандықов. Сақ атаның шаңырағын шайқалтпай. «Қазақ әдебиеті». 19.09.2014.).

«Пойыздайын зымырап бара жатқан,

Қашып барам далаға қала жақтан,...» (Т.Тұяқбаев. Жұлдыздардың жанарын жасауратып. «Қазақ әдебиеті». 19.09.2014.

Бұл нені көрсетеді?

Бұл Кеңес үкіметінің қазақты қалаға келтірмеу туралы нұсқауының күші жойылса да, қазақ    жазушыларының  сол, баяғыша, антиурбанизациялық бағыттан айырылмай, ауылды нысаналаудан  көз жазбай келе жатқанын көрсетеді. Әдебиеттегі жағдай да қаз қалпында, идея да, әдіс те, сюжет те орнында екенін айғақтайды.

Әрине, әдебиет кеңістігінде тіршілік тоқтап қалған жоқ. Барлық жанрларда бірдеңелер жазылып жатыр. Белгілі бір мазмұндық құндылық арқалаған, өзінше көркемдік бұлтарыстары мен иірімдері бар шығармалар да ұшырасады.  Олар аздаған тиражбен таратылып жатыр. Қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен кемістігі – қоғам тынысын аңғартатын, көпшілікті елеңдететін, мазмұнымен, көркемдігімен түрлі пікірлердің таралуына, талқылауға өзек бола алатын, бұқара арасында жанды қыбыр – мимесис тудыратын шығарманың жетіспеуінде.

Бұл ретте белгілі қаламгер Мұхтар Мағауиннің соңғы жылдары жарық көрген шығармаларын атап өту керек. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға өткір сыншыл тұрғы ұстанатын, адуынды ойлар айта білетін автордың «Мен», «Жармақ» романдары терең саяси-философиялық астары бар толғауларға толы, зиялы өкілінің іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.

 

* * *

Алдымен ұлттың бір бөлігінің басқа тілге ауысып кетуі, сонан кейін қайта құру мен жариялылықтың жариялануы, ақыры, ширек ғасырға созылған қазақ тілінің төңірегіндегі дискурс ұлттық мәдениеттің, білім берудің, ғылымның күйін айқындап, мәселелерін шешіп бере алмады. Зиялы қауым «алтын балықты» қойып, «сұр балықты» да аулай алмай, сол жыртық астаудың қасында қалып отыр. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әкімшілік ресурсты жұмсай отырып, тілді, мәдениетті жетілдіру саясатын жүргізу мүмкіндігіне ие болудың да шарапаты тие қоймады. Мол мүмкіндік жағдайында ширек ғасыр бойы тер төккеннен кейінгі жеткен жеріміз  тағы сол старттық межеден ұзай алмау болып отыр. Бұдан бір қатар алаңдататын сұрақтар туындайды.

Қазақ әдебиетін таяудағы онжылдықтарда не күтіп тұр? Долбар көңіл жұбатарлық емес. Мәдениеттің, соның ішінде әдебиеттің тоқырауы туралы әркім айтады. Бірақ көбі отбасында, іштей сыбырлап айтады. Ашық айтудан қаймығады. Өйткені олар еркін адамдар емес. Ойындағысын айта алмағанына іштей қынжылмай-ақ, үндемей жүре береді.

Дегенмен, соңғы уақыттарда кейбір танымал қайраткерлердің қобалжуын ашық білдіре бастағандары көңілге медеу ұялатады. Өйткені, сөз іске ұласар деген үміт туады. Олардың кейбіреулерінің пікірлері мынадый:

«Бүгінгі прозамыз сауатсыз. Бір жолын шаршамай оқып шыға алмайсың. Маған бір қап прозаны әкеліп бергенде, жариялауға тұратын бір шығарма таба алмаймын... Қазіргі жазушыларда табиғатына қонған интеллект жоқ» (Ысқақ Қ. 2011 әдеби жыл қорытындысы. Қазақ әдебиеті. 25-31. 05. 2012 ж.).

«Сұрғылт белдеуге келіп тірелдік (көркем әдебиетте – Қ.Ж.). Мемлекеттік сыйлыққа татитын ешкім де, еш шығарма да жоқ. Обскурация фазасы төніп тұр» (Г.Бельгер. Плетение чепухи. Из 21-й тетради).

«1991 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралықта әдеби процесс тоқтап тұр... Поэзияда жаңалық жоқ. Нәтижесінде әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз» (Е. Раушанов. Өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым // Общественная позиция. 25.06.2015. Сілтеме:http://kitap.kz).

 

* * *

Тәуелсіз зерттеулердің қорытындылары бойынша, қазақ тілінің қазіргі аномал қолданылу жағдайы көркем әдебиеттің інжуы мен маржандарын ғана емес, әдеби журналдарды толтыруға пайдаланатын, орта қол романдар жазуға мүмкіндік бермейді. Әзірше, салыстырмалы түрде, қалам ұстай біледі, қазақша мәтін жаза алады деген санатқа қосуға болатын, қазақ тілі аномалды белдеуге толық кірмей тұрғанда тілі шыққан, көзі тірі жазушылар – 55-60 жас шамасындағы және одан егделер, «аққу зарын» айтып болғанша, қазақ көркем әдебиеті кеңістігінде бір шама дискурстар жалғаса тұрады. Аталған санаттағы жазушылардың соңғы шығармалары тұтастай қазақ әдебиетінің де «аққу зары» болып шығуы мүмкін. Одан кейін, белгілі бір уақыт шамасында, бұл тілде бай жазушылардың (тілі мен елестетуі жағынан емес, сөздің тура мағынасында), иллюстрациясының өзі көлемнің жартысын алатын, мерейлік-өмірбаяндық «романдар» ғана жазылатын болады. Одан кейін, қазір ешкім сипаттап бере алмайтын уақыт келеді. Егер...

Бұл – осы зерттеулердің авторының немесе әлдебір мүдделі топтың қиялынан немесе олардың эмоциясының жетегіне ілесуден туған, асығыс синопсис емес. Қазіргі қазақ тілінің өмір сүру ареалын, сөздік қорын, қолданылу практикасын – тілдің идея тудырушы және репрезентациялаушы қабілетін бажайлай отырып шығарылған қорытынды.

Г.Тардтың тұжырымдауынша «тіл идеялардың әлеуметтік кеңістігін көрсете алуы керек» [Тард Г. Социальная логика. С-Пб. 1996. С. 130]. Ю.Хабермас бәрі «тілдің репрезентациялаушы қызметіне тәуелді» [Хабермас Ю. Философский дискурс о модерне. М.: «Весь мир». 2003. С. 268] екенін ескертеді. Әлемдік лингвистика ғылымында осы бағыттар жеткілікті зерттелген және осыларға үндес тұжырымдар айтқан данышпандар аз емес. Соларға иек арта отырып, ұлттық мәдениеттің, соның ішінде әдебиеттің қазіргі күйін – қазақ тілінің ой тудырушы, идея көтеруші және оларды репрезентациялау қабілетінің мүлдем әлсірегенінің салдары деп түсіндіруге болады.

Біздің зиялы қауымға белгілі бір кеңестер айтпастан бұрын, өзге жанрлардағы жағдайды саралай келіп, әдебиет пен мәдениеттің төңірегінде көрініс беріп отырған констелляцияға ғылыми дәйекті, квалификациялы баға беріп алу керек.

 

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ТОҚЫРАУЫ

Ұлттың рухани кеңістігінде қалыптасқан ахуалды қалай бағалау керек?

Тіл мен мәдениеттің тоқырауының үнемі шиеленісіп бара жатуын немен түсіндіруге болады?

Қазіргі қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің мәні мен сипатын шектеулі мәдениет және декаданс деп аталатын категорияларға сүйене отырып, толық көз алдыға келтіруге болады.

Шектеулi мәдениет – субкультура (лат. sub – астында, жанында, шетте) ұғымы шетте, белгілі бір әлеуметтік топтың арасында ғана таралатын, тұйықталған мәдениет дегенді білдіретiнi белгiлi. Субкультураның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың бастылары мыналар:

біріншіден, субкультура – қоғамның құрамына енетiн белгілі бір топтың мәдениеті болғандықтан, қоғам мүшелерінің бәрі оны қабылдамайды. Мысалы ол топ – жастар болуы мүмкін. Мұндайды білдіру үшін жастардың шектеулі мәдениеті (молодежная субкультура) деген термин қолданылады. Субкультураны кейде ұлттың бір бөлігі немесе халықтың құрамындағы бiр этнос, кейде орналасуына қарай бөлінген топ жасауы мүмкiн.

Екіншіден, көпшiлiк жағдайда субкультураның ұстанған идеясы тұтас қоғам немесе жалпы адамзат қабылдаған құндылықтармен үйлеспейді, топтың ындыны ретінде көрініс береді. Сондықтан субкультура шығармаларының тақырыбы шектеулі, оны жасап отырғандардың өздеріне түсінікті болғанымен, өзгелерге түсініксіз, сонысымен өзге мәдениеттермен байланыссыз, олармен кірікпейді, байымайды, өзге жұрттарға таралмайды.

Үшіншіден, субкультураны арналған топтың арасынан шыққан, дарынды, бірақ жүйелі білімі жоқ (жоғары білімнің дипломы болса да), Дж. Локтың сөзімен айтқанда «өңделмеген алмастар» жасайды.

Ағылшын философының келтіруінше «өңделмеген алмасқа ешкім қанағаттанбайды, айналасына жағымды әсер қалдырғысы келген адам оны сол күйінде тағып жүрмейді. Ол тек жонылып, кемертыс киігізілгенде ғана жарқырайды. Сапа жақсы болса маңыз аларлық жан байлығын құрайды. Тек ізгі тәрбиелілік қана оған кемертыс ретінде қызмет ете алады» [Джон Локк. Мысли о воспитании // Соч. Т. 3. М.: Мысль, 1985. 484-б.].

Қазақ  арасында  «өңделмеген  алмас» ұғымын дәл беретін “кесек алтын” («золотой самородок») тіркесі қолданылады. Олар – топқа менталитетi мен дүниетанымы үйлесетiн, топ мүддесін түсінетін, талғамын білетін адамдар. Бірақ дүниетанымы тар, адамдармен жүздесу мәдениеті және интеллект деңгейі төмендігінен олар бұқараны ілестірiп, жалпыадамзаттық өркениетке қоса алмайды, өздері бұқараның соңынан ілеседі. Бұқара алып жүрген идеяларды, құндылықтарды шығармасына тиек етедi, көпшіліктің көкейіндегісін жырлайды, оның қарадүрсiн өмiрi мен тұрмысын сипаттайды, сонысымен топқа жағады.

Төртіншіден, субкультура өзінің өмір сүретін ареалында қолданылатын жұтаң лингвемамен жасалады. Сөздік  қорының шамасына лайық тілі жететін тақырыптарды ғана қозғай алады. Ауыл субкультурасы өкілдері қала, өндіріс, ғылым, саясат тақырыптарына шығарма жаза алмайды.

Бесіншіден, субкультура туындылары көркемдік жағынан солғын, қарадүрсіндігі басым болады, таптаурындарға жол береді, мәдениеттен гөрі ермекке жақын болады, топтың эмоциясын ғана күйіттейтiндiктен рухани азық бермейді, уақыт өткізіп, көңіл көтеруге көбірек бағышталады.

Белгілі  жазушы, әдебиетші Г.Бельгердің түсіндіруі бойынша, қазақ субкультура­сына ұқсас құбылысқа қатысты «неміс әдебиетінде аймақтағы өмірді шектей суреттеу ұғымын беретін «Heimatdichtung» деген термин бұрыннан қолданылады. Мұндайда дүниені сезінудің қамалған нұсқасы алға тартылады. Қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың көпшілігі осы «Heimatdichtung» стилінде жазылған. Демек, оларда өмір ауыл маңындағы күлтөбенің биігінен ғана көрініс табады. Тамаша, айқын, түсінікті, бірақ, географиялық, тарихи, психологиялық тұрғылардан қарағанда тұйықта қамалып жатыр. Тұсалудың кібіртіктеудің, омалудың бәрі осыдан туындап отыр» [Г. Бельгер. Плетенье чепухи. Из 24 - тетради].

Субкультураның классикалық мәдениетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, қоғамның субаймақтарында пайда болып, өмір сүріп, өліп жатады. Субкультура – мәдениеттегі тоқыраудың меңдегенінің, тұралап қалудың, декаданстықтың көрінісі.

 

* * *

Егер субкультура рухани әлемді еңсеріп тұрса, оның туындыларын тұрғындардың басым көпшілігі пайдаланып жатса, онда бұл құбылыс сол елдің мәдениетіне декаданстың төніп келе жатқанын айғақтайды. Тиісінше, мәдениеттегі дакаданс субкультураның пайда болуына және оның бұқаралық сананы иектеп алуына жол беріп отырған ұлттың өзін де көрге сүйрейді.

Декаданс – қоқынышты сөз, әсіресе кемшілігін мойындағысы келмейтін біздің халқымыз үшін. Бұрынғының қазақтары «ауруын жасырғанның өлетінін» білген. Қазіргінің қазақтары кемшіліктер туралы объективті ақпараттан гөрі, жалған жетістіктер туралы, құлағына жағатын, қызыл сөзді тыңдай бергісі келеді. Сонда жаны жай табады. Қазаққа «біз бүкіл планетаның алдында, алып адыммен, бәрінен өза шауып, зымырап барамыз. Мәдениетіміз гүлденіп кетті» десең ұнайсың. Солай болса да, алдан күтіп тұрған аяусыз анафеманы сезе тұра, «біздің корольдікте бәрі ретті болмай тұр» дегенді дауыс шығара айтуға тура келеді.

Қазақ тілі  қазақтілді ауылда сақталады деген теорияның өзі қате. Бәрі керісінше, ауыл тілдің аномалиялық қолданылуы «практикасын» көрсетіп берді, сонысымен, оны үйрене де, өзгеге үйрете де алмайтындай табанға түсірді. Біз ауылда шектеліп қалғандықтан индустриялы қоғам талабына сай дами алмаған қазақ тілін ресми қолданысқа жарата алмай жүрміз.

Шынтуайттап келгенде, мемлекеттік тiлдiң де барлық қиындықтары оның «әлеуметтiк тiрегi» ауыл болуынан туындап отыр. Қазақ тілінің индустриялы өмірден аулақта қалуы дегенді, оның да, екінші сөзбен айтқанда, тарихтан, мәдениеттен тысқары қалуы деп түсіну керек. Субаумақта ғана таралған тілде келешек болмайды. Тiлді аграрлық уклад қойнауынан суырып алып, қала индустриясына алып келгенде ғана, демек, тіл «қалалық» болғанда ғана қалыпты даму жолына түседі, өзiнiң келешегiн жасай алады. Түптеп келгенде, тілдің тоқырауы – құбылыс, ауыл – себеп, мәдениеттің тоқырауы – салдар.

Тағы да сол, «ауыл мәдениетін көтереміз» деп тыраштану да – далбасалық. Өйткені «ауыл мәдениеті» деген ұғым жоқ, мәдениет қалада жасалады, ауыл оның жетістігін құлықсыз қабылдайды, еріксіз пайдаланады. Қазақ жазушылары «ауыл мәдениетін көтерумен» үнемі айналысып келеді. Өткен ғасырда марқұм О.Бөкеевтің таралымы көп газеттердің бірінен тұрақты айдар ашып, талайды «ауыл мәдениетін» көтеруге жұмылдырмақ әрекеттерін жасағаны бар. Қазір де әр тұстан осыған бағытталған шараларға топтасулар көрініс беріп отырады. Бірақ еш нәтиже шығып көрген емес, шықпайды да.

Қоғамның даму үдерісіндегі қаланың рөлі Батыс философиясында аз көтерілген жоқ. Танымал Батыс ойшылдарының бірі М.Вебер «мәдениет атаулының бәрі өзінің мәні жағынан алдымен қалалық болады, саяси өмірді құратыны сияқты, өнердің де, әдебиеттің де тасушысы қала болып табылады» [Вебер М. Социальные причины падения античной культуры // Избранное: Образ общества: М.: Юрист, 1994. – 449-б.] деп жазған болатын. Демек, мәдениет тек қалада жасалады. Онда ауыл мәдениеті деген ұғым санада шөлдегі айсберг деген сияқты із қалдырады.

Бұл дискурстың әлеуметтік-психологиялық астары бар. Ауыл мәдениетін көтеруді жақтаушылар мәдениеттің тек қалада жасалатынын, «ауыл мәдениеті» деген тіркесте мағына жоқ екенін мойындағысы келмейді. Бұл тезиске қарсы уәж айтуға тағы дәрмендері жоқ, оған алға тартар аргуметтері мен келтірер айғақтары жетпейді. Ауыл мәдениетін көтеру жолдарын көрсетіп бере алмайды? Өйткені, ондай жол жоқ. Кейбіреулері мұны түсінеді, бірақ ауылын жамандыққа қия алмай, еріксіз конформистік психологияға бой алдырып, көпшілік жағына шығып отырады. Оларға ауыл мәдениетін көтерушілердің қатарында екендігін көрсетіп жүре беру ыңғайлы. Түптеп келгенде, ауыл мәдениетін көтеруді жақтаушылардың ешқайсысы қаладан кетпейді, ауылдың өзіне барып, оның мәдениетін көтерумен белсенді айналысуға өз еркімен ешкім адым баспайды.

Рухани дамудың әмбебап заңдылықтарының бірі мынау: мәдениеттің күйреуі қоғамның күйреуіне ұласады. Ежелгі Рим империясының басынан өткен үдерістердің мысалымен бұл қағиданы Макс Вебер қолға таяқ ұстатқандай сипаттап берген болатын. Оның түсіндіруінше, «Рим  империясы әлдебір бөгде себептерден – жаулары сан жағынан көп болғандығынан немесе саяси жетекшілерінің қабілетсіздігінен немесе сырттан кездейсоқ келген күшті соққыдан,..  құлаған жоқ... Империяның өзі құлағанынан бұрын Ежелгі Римнің мәдениеті күйреуге ұшырады. III ғасырдың басында Рим әдебиеті үн шығаруын тоқтатқан болатын. Юриспруденция және құқық мектептері күйреді. Грек және латын поэзиясы өлі ұйқыда жатты. Тарих дерліктей өмір сүруін тоқтатты. Тіпті жазулар да мелшиіп қалды. Латын тілі толығымен мешеуленуге жақындап келді» (сонда. 447-б.).

Соңғы  мың  жыл  ішіндегі  адамзаттың  тарихы  мынаны дәлелдеді: халық өркениетке, соның ішінде Батыстың гүлденген демократиялы қоғамдарына қосылғанда алаңсыз даму жолына түседі. Шығыс қайраткерлерінің ішінде алдымен Батыс өркениетіне ден қойған, оны жанымен түсінген, елінің болашағын сонымен байланыстырған және саяси қызметін солай бағыттаған, артына ұлағатты өсиет қалдырып кеткен түрік ұлтының жетекшісі Ататүрік болды. «Біз өркениет салған жолмен жүреміз және соған келеміз. Өркениет – ол күшті от, оны елемеген жанып кетеді, күйрейді. Біз өркениетке қосыламыз және сол үшін мақтанатын боламыз» деген екен ол [Куттыкадам С. Служение нации. А.: ИНЭС-ЦА, 2009. 29-б.]. Осылай Ататүрік Түркияны аграрлық былықтан суырып алып, индустриялы қоғамдар қатарына қосып кетті. Ал, өкінішке орай, мұндай аксиомаға айналып кеткен қағидаларды қазақ жазушылары түсіне алмады, өркениеттен аулақ жүріп, «жанып та, күйіп те» кеткен кездерінен қорытынды шығармады, мыңдаған жыл бойы өркениет алға тартып келе жатқан тәжірибеден сабақ алуды қажет деп таппады.

 

* * *

Субкультураның ерекше кесірлі түрі – контркультура. Ол ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Батыстың буржуазиялық мәдениетіне рухани қарсылық ретінде пайда болған болатын. Көптеген елдерде етек алған бұл рухани қозғалыс Батыс қоғамдарының әлеуметтік құндылықтарынан, моральдық-адамгершілік идеяларынан, стандарттарынан, өмір бейнесінен, бас тарту, олардың респектабельділігіне, материалдық игіліктеріне, жәдігөйлігіне, эгоизміне, қарсылық формаларында көрініс берді. Бір жағынан, пуристік моральді, еңбекті әспеттеп, есірткішілікке, ұжымдық оргияға қарсы бағытталған әрекеттер жасағанымен, тұтастай қарастырғанда, контркультурашылдар адамзаттың маңызды жетістіктерін объективті бағалай алмады, әлеуметттік шынайылықтан шығып кетті. Сонысымен, эфемерлі көрініс деңгейінде, тарихта із қалдырмай, жойылып кетіп отырды. Контркультуралық бағытты белсенді ұстанып аренаға шыққандардың өздері кейіннен заманауи өркениетке қосылып, сіңіп кетіп отырды. Оларды өздерінің ұрпақтары да қолдамады.

Отарлық жүйенің пайда болуы мен халықтардың езгіге тап болу айғағын Кеңестік идеологтар Шығыс елдерін Батысқа айдап салатын идеологиялық қару ретінде пайдаланғаны белгілі. Өткен ғасырларда отар елдерде контркультуралық бағыттардың пайда болуы мен жайылуы осымен түсіндіріледі.

Ал қазақ контркультурасының негізіне осыған ұқсас, бірақ бұдан өзгеше құбылыс әсер етті. Қазақ мәдениетіндегі контркультуралық идеялар кезінде Қазақстан Кеңес Одағының қарамағында болғанда көрініс бере бастаған болатын. Қазір сол үрдіс жалғасып келеді. Батыстың алпауыт елдерінің Қазақстанды отарламағаны белгілі. Солай болса да, қазақ мәдениетінде контркультуралық бағыт белең алып, үнемі өршіп отырды. Оның себебі Кеңестің Батысқа қарсы идеологиялық соғысының салдарымен, қазақтардың  Кеңес коммунистерінің соңынан көзсіз ілесуімен түсіндіріледі.

Қазақ мәдениет туындыларына сіңісті болып келген контркультуралық идеялар қазір де бұқараның санасын ылайлауын, халықты Батыстың озық қоғамдарына өшіктіріп қоюын жалғастырып келеді. Мәдениет қайраткерлерінің саяси философиялық бағдарларының терістігінен, тарихи сананың сүртіліп тасталуынан, олар ұлтты оңға бастамайтын туындыларын жариялауды жалғастырып келеді.

Қазақ контркультурасы рухани кеңістікте екі бағытта жүзеге асырылуда:

а) кеңестік идеология тұрғысынан Батыстың мәдениеттеріне қарсы;

б) ауылшыл патриотизм тұрғысынан қала мәдениетіне қарсы.

 

* * *

Шын құлшынған адамның шеберлігінде шек болмайды. Қазақ алпысыншыжылдық­тары да діттегенін оқырманның санасына жеткізу үшін небір ұтымды тәсілдерді ойлап табудан кенде қалмады. Кейбір қаламгерлер шығармашылық қуаты мен дарынын өздерінің контркультурологиялық идеяларын нәсихаттауға – қаланы ғайбаттауға ғана емес, бүкіл адамзат өркениетін құбыжық ретінде сипаттауға бағыштады және жетістіксіз болмады.

Антиөркениеттік, контркультурологиялық идеяларды көтерудің мысалы жазушы Т.Әбдіковтың «Тозақ оттары жымыңдайды» деген жазушылар арасында жақсы аталған повесінде айшықты көрініс берді. «Амазонканы тозаққа айналдырған... кәдімгі  цивилизация мен мәдениет апармақ болған «ақ ниетті» адамдар» деп көрсетті ол аталған шығармасындағы ұнамды кейіпкерінің аузымен [Әбдіков Т. Тозақ оттары жымыңдайды // ТШ. А.: Жазушы, 1991. 371-б.]. Автордың мұндағы тозақ оттары деп отырғаны «ақ адамдардың мекен-тұрағынан қаз-қатар жылтыраған ғажайып оттар. Ерекше сәулелі, сиқыр оттар» (сонда: 386-б.), демек, өркениетті елдер тұратын қалалардың шамшырақтары.

Автор астарлы экспликациясымен оқырманын дилеммаға әкеліп тірейді:  өркениетті қоғамның азаматы болу керек пе, әлде, өркениетке дейінгі дәуірде өмір сүріп жатқан ерікті хомо сапиенстің өкілі болып қала берген жөн бе?  Өркениет – тозақ, ол халықтарды, елдерді жұтады. Өркениетке қосылмай, табиғат аясында, алғашқы қауымдық құрылыста, өзгеріссіз қала беру адамдардың бір қалыпты, мамыражай өмірін жалғастыра беруін қамтамасыз етеді. Әрине, бұл тұста автор оқырмандарының екінші жолды қалағаны жөн екендігін емеурінмен білдіреді.

Қазақ  жазушылары әскери техникаға, от қаруға, мұхит транспортына ертерек қол жеткізген  жұрттардың қауымдық құрылыста немесе аграрлық уклад жағдайында өмір сүріп жатқан тайпалар мен халықтарды басып алғанын, қырғанын, езгенін еңірей сипаттауға үйірсек. Осы айғақпен олардың жауыздығын әшкерелеп, оқырманын олардан теріс айналдырмақ болды. Ұзаққа созылған тарихи үдерістен расында да болған бір оқиғаны – испандықтардың Амазонкадағы бір тайпа елді қырғынға ұшыратқанын бөліп алып, «өркениет – тозақ» деген қорытындыны шығарады. Осы бір мысалдан алынған түйіннің құйрығынан ұстап алып, қазақты тұтас өркениетке қарсы айдап салмақ болады.

Зиялы қауым адамзат өркениетінде орын алған, бір халықтың екіншісін басып алу айғақтарының астындағы тарихи мағынаны тұтастай көре алмады. Шамасы жетіп тұрса, тарихта кез келген күшті халықтың әлсізді еңіретуінің үрдістілігін; соның ішінде өз бабаларының да айдарынан жел есіп тұрғанда талайды еңіреткенін; Шығыс жиһангерлерінің де басып алған жұрттарына мейірімді бола қоймағанын ескермеді. Батыстың басқыншы халықтарының келесі ұрпақтарының құлдық пен нәсілшілдік сияқты антиадами құбылыстарды жойғанын,  дүниежүзілік отарлық жүйені ыдыратқан да солар – Батыс өркениеттері екенін, өз халқының да тәуелсіздікті солардың – кезінде «тозақ оттарын жаққандардың» ұрпақтарының көмегімен алғанын ұмытып, аталған повестің авторы қазақты оларға мейілінше өшіктірмек ниетін көркемдік шеберлікпен жеткізуге тырысып бақты. Тарихи оқиғаларды зерделі саралап алмай, құбылысты тұтастай көз алдыға келтіре алмай, оның мәнін терең түсініп алмай, ақыры, одан өзімізге келер-кетерді бажайлап алмай, оның бір элеметінен үстірт қорытынды шығарып, ұрпақты прогреске қарсы айдап салуға болмайтын еді.

https://dalanews.kz/17206

 

(Жалғасы. Басы жоғарыда)

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар