“Пышақтап тастаймын” деп қорқытқан: Алматыда ер адам балаларға шабуыл жасады

“Пышақтап тастаймын” деп қорқытқан: Алматыда ер адам балаларға шабуыл жасады
Фото: видеодан скрин

6 тамыз күні таңертең Алматыдағы "Атакент" маңындағы саябақта жаттығу жасап жүрген балаларға ер адам шабуыл жасаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

CMN.kz мәліметінше, алдымен ер адам қыз баланы ұрмақ болған. Алайда қыз жалтарып үлгерген. Осыдан кейін ол 10 жастағы баланың көзіне жұдырықпен соққы жасаған. Салдарынан баланың көзі көгеріп, дене жарақатын алғаны тіркелді.

Ата-аналардың сөзінше, сол сәтте оқиға орнында Қазақстан Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік даярлық орталығының әскери қызметшілері болған. Олар бірден араласып, күдіктіні ұстап, полиция шақырып, оны тәртіп сақшыларына тапсырған.

Оқиғадан кейін ата-аналар полицияға арыз жазып, баланың алған жарақаттарын медициналық тұрғыда тіркеген.

Әскери қызметшілердің мәліметінше, ұсталған азамат қарсылық көрсету кезінде "қазақтарды жек көремін" деп айғайлап, кейін балаларға қарай ұмтылып, оларды "пышақтап тастаймын" деп қорқытқан. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын полиция анықтап жатыр.