Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы Песковтың қызы Қазақстанда ресми тіркелді деген ақпарат пайда болды. Ал бұл дегеніміз - Ресейге салынған санкциялар мен шектеулерден қашудың жолы. Сонымен қатар, бұл Песковаға жергілікті банкте шот ашуға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Настоящее время" басылымына сілтеп.
БАҚ мәліметінше, Песковтың қызымен аттас Елизавета Пескова Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алған. Басылым тіпті оның туған күні Песковтың қызының туған күнімен бірдей екенін жазды. Бұл мәліметтер Қазақстанның Ұлттық куәландырушы орталығының онлайн-тізілімінен және басқа да дерекқорлардан анықталған.
"Пескова ЖСН-ді 2022 жылғы қыркүйекке дейін алған болуы керек, өйткені Нұр-Сұлтан (cол кездегі атау бойынша - еск.) қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелген. Астана 2019 жылғы наурыздан 2022 жылғы қыркүйекке дейін Нұр-Сұлтан аталғаны белгілі, кейін қайта Астана деп аталды", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Еліміздегі ЖСН - ресейлік ЖСН-нің аналогы, салық төлеушінің жеке нөмірі. Бұл мемлекеттік және банк қызметтерін алу үшін қажет. БАҚ ресейліктер Украинамен арадағы жағдай басталғаннан бері жергілікті банктерде шот ашу, Visa мен Mastercard шектеулерінен "қашу" үшін жаппай ЖСН рәсімдей бастағанына назар аударған.
"Пескова бұл мүмкіндікті қаншалық пайдаланып үлгергені белгісіз. Банктер әдетте санкцияға ұшырағандарға қызмет көрсетуге оң қабақ танытпайды, оның үстіне Путиннің баспасөз хатшысының қызы 2022 жылғы наурызда АҚШ-тың және тағы бірнеше айдан кейін Еуропа Одағының санкциясына ұшырады. Батыс елдері Пескованы әкесінің таныстары арқылы "бақуатты өмір салтын" ұстанады деп айыптады, ал оның әкесі соғыстың алғашқы күндерінде-ақ санкция тізіміне енген. Пескова өзіне қарсы шектеуді "әділетсіз әрі негізсіз" деп, сондай-ақ, "бұл жағдайға ешқандай қатысы жоғын" алға тартты", - деп жазылған мәліметте.
Басылым мәліметінше, Пескова 26 жаста. Оның негізгі активі - Мәскеудегі "Центрум" жарнама агенттігіндегі 30 пайыз акция.
Редакция Песковаға, сондай-ақ, оның PR директорына осы мәселеге байланысты сауалдар жолдаған.