Ресей президенті Владимир Путин Астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінде орта қашықтыққа арналған жаңа «Орешник» зымыранының сериялық өндірісінің басталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Ведомости" сайтына сілтеп.
Оның айтуынша, бұл зымыранның әлемде теңдесі жоқ және ол терең қорғаудағы әрі үлкен тереңдікте орналасқан нысандарды жоюға қабілетті. Путин Ресейдің бұл зымыранды қолдануға мәжбүр болғанын атап өтті.
– Біз оны ұрыс жағдайында сынақтан өткізуге мәжбүр болдық. Брянск және Курск облыстарына ATACMS және Storm Shadow зымырандары арқылы жасалған соққыларға жауап ретінде осындай қадамға бардық, – деді ол.
Президенттің айтуынша, «Орешник» зымыраны кең ауқымды қолданылған жағдайда соққының күші ядролық қарумен салыстыруға болады. Дегенмен, ол бұл зымыран жаппай қырып-жою қаруы болып саналмайтынын атап өтті. Путин бұл қарудың ықтимал нысандары Украинадағы шешім қабылдау орталықтары болуы мүмкін екенін де айтты.
Сонымен қатар, Путин 28 қарашаға қараған түні Ресей армиясы Украинадағы нысандарға 90 зымыран және 100 ұшқышсыз аппарат қолданып кешенді соққы жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 117 нысан жойылған.
– Біз соңғы екі күнде осы жүйелерді Брянск пен Курск облыстарына ATACMS зымырандары арқылы жасалған соққыларға жауап ретінде қолдандық. Барлығы 100 түрлі зымыран жүйесі мен 466 ұшқышсыз аппарат соққы берді, – деді ол.
Президент Украина тарапынан Ресейдің мемлекеттік маңызы бар нысандарына, оның ішінде Санкт-Петербург пен Мәскеуге бірнеше рет соққы жасау әрекеттері болғанын атап өтті.
– Бұл әрекеттер әлі де жалғасуда, – деді Путин.
Путин сондай-ақ Ресейдің Бас штабы мен Қорғаныс министрлігі «Орешник» зымыранын қолдана отырып, Украинадағы жаңа шабуыл нысандарын анықтап жатқанын айтты. Өз сөзінде ол алыс қашықтықтағы Ресейге жасалған соққыларды НАТО-ның қақтығысқа тікелей қатысуы деп санайтынын қайталап өтті.
Путин 22 қарашада «Орешник» зымыран жүйесін сериялық өндіріске шығару туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген еді. Ал 21 қарашада Ресей Украина аумағындағы Днепропетровскідегі әскери-өнеркәсіп кешені – «Южмаш» зауытына соққы жасау үшін осы зымыранды қолданғанын растады.