1 қазан мен 31 желтоқсан аралығында Ресейде 18 бен 30 жас аралығындағы 135 мың азамат әскерге шақырылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
РФ президенті Владимир Путин күзгі шақырылым туралы және әскери борышын өтеп болғандарды әскерден босату жөніндегі тиісті жарлыққа қол қойды. Құжат ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланды.
"2025 жылғы 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде Ресей Федерациясының 18–30 жас аралығындағы, запасқа алынбаған әрі қолданыстағы "Әскери міндет және әскери қызмет туралы" федералдық заңға сәйкес әскерге шақырылуға тиіс 135 мың азаматын әскери қызметке шақыру", – деп жазылған құжатта.
Сондай-ақ, жарлыққа сәйкес әскери қызмет мерзімі аяқталған сарбаздар, матростар, сержанттар мен старшиналар әскерден босатылады.