Психолог қызметі қатаң бақылауға алынады — Аймағамбетов мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 09 сәу. 2026 12:37

Қазақстанда психологиялық қызмет көрсету саласын жүйелеуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл салада нақты талаптар мен бақылау тетіктерінің болмауы азаматтардың психикалық саулығына қауіп төндіріп отыр.

"Көшеде самса сату үшін санитарлық кітапша керек, ал адам жанымен жұмыс істеу үшін ештеңе қажет емес пе?

Күйзеліске түскен жан Инстаграмнан әдемі парақшасы мен күмәнді сертификаты бар "психологты" табады. Соңғы ақшасын беріп, айлап барады, бірақ жағдайы нашарлай түседі. Ал шағымданайын десе - бұл сала мүлдем реттелмеген.

Егер аспаз халықты уласа - жауапқа тартылады. Ал егер жалған психолог адамның тағдырын құртса ше? Осы уақытқа дейін бұл үшін ешкім жауап бермейтін", – деді ол.

Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа заң жобасы аясында бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, психологтардың бірыңғай реестрі жасалып, қызмет көрсету үшін арнайы диплом талап етіледі. Сонымен қатар мамандардың жауапкершілігі заңмен бекітіліп, кәсіби құпияны сақтау міндеті енгізілмек.

Бұдан бөлек, психолог пен психиатрдың қызметі нақты ажыратылып, әрқайсының кәсіби шекарасы айқындалады.

Депутат психикалық денсаулық мәселесі тұрмыстық қызмет деңгейінде қаралмауы тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – жоғары жауапкершілікті талап ететін сала және мемлекет тарапынан қатаң реттелуі қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove