Павлодарда прокуратура қызметкері көлік жүргізіп келе жатып, әйелді қағып кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жол-көлік оқиғасы 13 тамыз күні сағат 18:39-да Нұрмағамбетов – Камзин көшелерінің қиылысында болған.
«Оқиға орнына шақырту 13 тамыз күні сағат 18:39-да түсті. Себебі – жаяу жүргіншіні қағу. Оқиға орнынан 60 жастағы әйел Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.
Облыстық прокуратура көлік тізгінінде қадағалау органының қызметкері болғанын растады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап көлік құралын басқаратын адамның жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруіне қатысты.
Тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталады.