Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформалар мен мемлекеттік басқаруды жаңғырту саясатының өзегінде «Заң мен тәртіп» қағидаты тұр. Мемлекет басшысы үшін бұл ұстаным — тек құқықтық норма емес, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құндылық. Азаматтардың билікке деген сенімі, реформалардың орнықтылығы, цифрландырудың тиімділігі мен қауіпсіздігі тікелей осы қағидаттың нақты орындалуына байланысты.
Саясаттанушы Шарип Ишмұхамедов Президент көтерген басым бағыттарға тоқталып, құқық үстемдігі, бірыңғай заң стандарты, киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және цифрлық басқарудың жүйелі мәселелеріне қатысты сараптамалық пікірін білдіреді.
– Кеңесте «Заң мен тәртіп» қағидатын Конституцияда бекіту ұсынылды. Бұл реформалардың тұрақтылығы мен азаматтардың сенімі үшін неліктен маңызды?
Реформалардың тұрақтылығы азаматтардың сеніміне тікелей байланысты. Сондықтан кез келген реформа қоғамға түсінікті, ашық әрі қарапайым тілмен жеткізілуі керек. Білім беру ұйымдарында қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту маңызды. Бұл жерде журналистердің рөлі ерекше, себебі халыққа ақпаратты жеткізетін негізгі көпір — БАҚ.
Қоғамдық кері байланыссыз жүргізілген реформалар не бейтарап, не теріс қабылданады. Ал сенім ашықтық, әділеттілік және билік институттарының, әрбір шенеуніктің есептілігі арқылы қалыптасады. Қазіргі конституциялық өзгерістер дәл осындай жаңа жүйені құруға бағытталған және бұл Қазақстан мемлекеттілігінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін аса маңызды.
Менің ойымша, Қазақстан мемлекеті азаматтардың билікке, заңға және әділеттілікке деген сенімінің арқасында сақталып отыр. Реформалардың орнықтылығы әлеуметтік әділеттілікке, ашықтыққа және халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуына байланысты. Ол үшін мықты институттар — парламент, мемлекеттік аппарат және жергілікті билік қажет. Конституциялық реформалар мен цифрландыру — билікке деген сенімді нығайтып, елдің прогрессивті дамуын қамтамасыз ететін құралдар.
Бұл — Президент пен Үкімет алдында тұрған өте күрделі әрі жауапты міндет. Әсіресе билікке және заңға сенім деңгейі төмен аймақтарда бұл мәселе өткір тұр. Шымкент пен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жағдай соны айқын көрсетеді: көшедегі төбелестер, кісі өлтіру, ұрлық-қарлық. Мұның басты себебі — заңды айналып өтуге болады, жаза жеңіл немесе мүлде болмайды деген түсініктің қалыптасуы. Бұл — азаматтардың мемлекетке деген сенімінің әлсіздігінен туындайды.
– Заңды сақтаудың бірыңғай стандартына басымдық берілді. Оны күнделікті тәжірибеге айналдыру үшін қандай басқарушылық өзгерістер қажет?
Қазақстан Республикасында заңды сақтаудың бірыңғай стандарты Конституцияға, заңдарға және азаматтардың теңдігін қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық актілерге негізделеді. Бұл қағидат әр азаматтың әлеуметтік немесе экономикалық жағдайына қарамастан құқықтарын қорғауға кепілдік береді.
Алайда қазіргі Қазақстан жағдайында бұл міндетті жүзеге асыру оңай емес. Қоғамда экономикалық, қаржылық және цифрлық теңсіздік бар. Мұндай жағдайда заңның бірыңғай стандартын қамтамасыз ету өте күрделі.
Ең бастысы — әрбір азамат әділеттілікке қол жеткізе алатын ең төменгі талаптарды бекіту. Бұл соттарға, құқық қорғау органдарына және бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділікті қамтиды. Әлеуметтік қызметтерді алу да барлық азаматтар үшін бірдей болуы тиіс. Егер осы теңдік сақталмаса, заңның бірыңғай стандартын іске асыру мүмкін болмайды.
Бұл мәселе әсіресе осал топтар үшін өзекті: мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар және ауылдық жерлердегі тұрғындар. Себебі ол өңірлерде сапалы интернетке, адвокаттарға және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік шектеулі.
– Кибералаяқтық қылмыстарының ашылу деңгейі төмен. Ең жылдам нәтиже беретін бағыт қайсы?
Цифрландыру — күрделі әрі көпқырлы мәселе. Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша ТМД мен Орталық Азияда көшбасшы елдердің бірі. БҰҰ деректеріне сәйкес, еліміз әлемде цифрландыру деңгейі бойынша 24-орында, ал онлайн-қызметтер индексі бойынша алғашқы ондыққа кіреді.
Egov және Egov Mobile арқылы мемлекеттік қызметтердің шамамен 90 пайызы қолжетімді. Қазақстан әлемде өз цифрлық индексін әзірлеген екінші ел атанды. Жасанды интеллектіні қолдану деңгейі де жоғары.
Алайда профилактика, қаржылық тізбектерді бақылау және ведомствоаралық үйлестіру — бұл таза техникалық әрі басқарушылық мәселе. Мұнда бірыңғай басқару мен үйлесімділік жетіспейді. Әр министрлік пен агенттіктің өз ережелері мен ресурстары бар, бұл жүйелі жұмысты қиындатады.
Ал қылмыстардың ашылуына келсек, негізгі мәселе — халықтың цифрлық сауаттылығы және азаматтардың, бизнестің, мемлекеттік органдардың дербес деректерге деген жауапкершілігі. Бұл тікелей дербес деректерді қорғау мәселесімен байланысты.
– Дербес деректерді қорғау басым бағыт ретінде аталды. Мемлекет пен бизнес үшін қандай шаралар міндетті болуы тиіс?
Ең алдымен жүйелі талаптар мен институционалдық өзгерістер қажет. Цифрландыру негіздерін мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізу, сондай-ақ ересектерге арналған оқыту курстарын әзірлеу маңызды.
Egov платформасы арқылы азаматтарға дербес деректерді қорғау бойынша сертификаттар беруге болады. Сонымен қатар әр ұйым азаматтан деректерді жинауға, сақтауға және таратуға міндетті түрде келісім алуы тиіс.
Әрбір мемлекеттік орган мен бизнес құрылымда дербес деректерге жауапты тұлға тағайындалып, қолжетімділікті шектеу тәртібі бекітілуі керек. Артық мәліметтерді талап ету тәжірибесінен бас тарту қажет. Міндетті түрде деректерді шифрлау және резервтік көшіру енгізілуі тиіс.
Жеке деректер тек Қазақстан аумағында сақталуы керек. Қауіпсіздігі жоғары бір немесе екі деректер орталығын — қазақстандық «силикон алқабын» құру орынды болар еді.
– Цифрлық шешімдердің бытыраңқылығы сынға алынды. Бірыңғай цифрлық жүйені қалай құруға болады?
Негізгі мәселе — мемлекеттік органдардың бір-бірінен бөлек әрекет етуі. Әр министрлік пен департамент жеке жұмыс істейді, кадрлар жиі ауысады, ал шенеуніктердің цифрлық сауаттылығы әртүрлі деңгейде.
Сонымен қатар басқару шешімдері баяу қабылданады, себебі деректер бір жүйеге біріктірілмеген. Бірыңғай цифрлық жүйе нақты нәтиже беруі үшін кадрлық тұрақтылық, жауапкершілікті нақты бөлу және мемлекеттік аппараттың цифрлық құзыреттілігін арттыру қажет.
– Миграцияны толық цифрландыру қауіпсіздікті қалай арттырып, адал шетелдіктер үшін рәсімдерді жеңілдетеді?
Әр азамат пен халық топтарын цифрландыру мәселесі өте маңызды болып отыр. Қазіргі таңда біз кейбір топтардың әрекеті белгісіз екенін көріп отырмыз: олар не істейді, қандай мақсаттары бар – бұл туралы ақпарат жоқ. Мұндай жағдай радикалдану мен деструктивті әрекеттерге тартылу тәуекелдерін тудырады. Жақсысы, ең алдымен мигранттар, еңбекші гастарбайтерлер, шетелдік студенттер мен туристерден басталды. Олардың қызметін цифрландыру және салық есебін заңдастыру арқылы осы ағымдарды бақылауға алу, салықтық база мен төлемдерді арттыру, сондай-ақ құқық қорғау органдарына олардың қайда екені мен не істеп жатқаны туралы ақпарат алу мүмкіндігі пайда болады.
Алайда, осындай бақылаудан тыс қалған халық топтары әлі де көп. Әсіресе, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы радикалды және деструктивті идеялардың ықпалына тез ұшырайтын жастарға қатысты бұл мәселе өзекті. Цифрландыру ең алдымен жас ұрпаққа бағытталуы керек, себебі дәл осы топ ақпараттық кеңістікпен белсенді әрекеттеседі.
Егер бұл мәселе назардан тыс қалса, мемлекет бақылауынан тыс қалатын ұрпақ қалыптасуы мүмкін. Мұндай адамдарды есепке алу, бақылау жүргізу және объективті мәліметтер алу қиын болады.
Қазіргі ересек халық, советтік дәуірде тәрбиеленген адамдар, дәстүрлі құндылықтарды біледі, заңды сақтау қажеттігін және бұзған жағдайда туындайтын салдарларды – айыппұл, жауапкершілік, жазаны түсінеді. Қазіргі жастар бұл тәжірибеге ие емес. Нәтижесінде, дәстүрлі құндылықтардан тыс қалыптасқан ұрпақ өсіп келеді.
Бұл тікелей қылмыс деңгейінің өсуі мен цифрлық кеңістікте қылмыстық топтардың қалыптасу тәуекелдерімен байланысты.
