Ұлттық экономика министрлігі алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында шығындарды қысқартуға кірісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы министрлік өткізген кеңесте мәлім болды. Нақты шешімдердің бірі — тиімсіз және өнімсіз шығындарды азайту.
Серік Жұманғарин басқаратын ведомствоның хабарлауынша, үнемдеудің басты бағыты – қажетсіз шаралардан бас тарту. Атап айтқанда, семинарлар, көрмелер мен конференциялар ұйымдастыру, консалтинг қызметтерін сатып алу, әкімшілік ғимараттар салу, автокөлік сатып алу және күрделі шығындар тоқтатылады.
Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, басқа да бюджет баптарын қайта қарап, қосымша резерв көздерін іздестіріп жатыр. Бұл туралы министрлік таратқан ресми хабарламада жалпы сипатта айтылған.
Тоқаев не деп еді?
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы айтқан болатын.
"Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.
Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет", деген еді Мемлекет басшысы.