Президент су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілетінін айтты

Жарбол Кентұлы 31 нау. 2024 11:27 2785

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Бұл шара барысында мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты. Қоғам қайраткері Қайрат Дәуітқұлов  президенттің мұндай әрекетін қолдайтынын айтады. 

«Қазіргі сәтте елімізде болып отырған апат, су тасқыны, бүгін ғана орын алып отырған жағдай емес. Өкінішке қарай мұндай жағдай жыл сайын орын алуда. Бұл мәселенің шешімі баяғыда табылар еді, себебі өркениетті елдерде де табиғат апаты орын алып жатады, бірақ ол жақта бірден шешімін табуға тырысады. 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз, технологияның заманында бұл мәселелерді шеше алмау - басқару органдарының қауарсыздығын көрсетіп отыр»,- дейді Қайрат Дәуітқұлов.

Басқару органдарының әрекетін мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл кеңес барысында сыңға алды. Президенттің айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған.

Жиын барысында президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал  Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының  әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды. Қайрат Дәуітқұловтың пікірінше, президент бұл мәселені жеке бақылауына алуы керек.

«Әрине, қолдаймыз, егер шын мәнінде біздің президентіміз дұрыс өзгерістерді жасаймын, іске асырамын десе,әрине, қолдаймыз. Бірінші рет Қазақстан тарихында президенттің кешірім сұрауы үлкен көрініс»,- дейді қоғам белсендісі. 

Орын алған жағдайға байланысты премьер-министрдің төрағалығымен Республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Шұғыл түрде өткен кеңестен кейін премьер-министр барлық мәселе бақылауға алынатынын хабарлады.

«Барлық сұрақтар тәулік бойы бақылауда болады. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар қараусыз қалмайды. Барлық шығын өтеледі», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар шұғыл түрде өткен кеңес барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, күн жылысымен Қазақстанның бірнеше аймақтарын су басып, халық қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар