Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Өз кезегінде қала басшысы Президентке Алматы қаласының биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы баяндады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президентке қала экономикасының қарқынды өсіп келе жатқаны, қысқа мерзімді экономикалық индикатор жыл басынан бері 13,5 пайызға көтерілгені жөнінде мәлімет берілді.
Бүгінде өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны (+21%) бойынша Алматы еліміз бойынша көптен бері бірінші орында келеді. Мегаполис экономикасына 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл ретте жеке инвестициялардың өсімі 7,3 пайызды құрайды.
Белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 341 мыңға дейін жетіп, 25,8 пайызға артқан. Республикалық бюджеттің түсімі 38,4 пайызға өсіп, 3,91 триллион теңгеге дейін жетті. Әкім Президентке жергілікті бюджеттің түсіміне қатысты жоспар 28,7 пайызға (243 млрд теңге) асыра орындалғанын жеткізді.
Жыл басынан бері қалада 58,7 мың жұмыс орны ашылды, оның 77 пайызы тұрақты жұмыс орындары екенін айта кетуіміз керек. Осылайша 2023 жыл қаладағы экономика өсімінің қарқыны 6,5 пайызға дейін ұлғайған.
Әкім Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 18 тамызда Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалу барысын да баяндалды.
Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жер сілкінісі туралы алдын ала хабарлайтын 28 сейсмостанция орнату жұмыстары толығымен аяқталғанын алға тартты. Төтенше жағдай кезінде адамдар жиналатын 545 қауіпсіз орын анықталған. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандарты әзірленген. Қалада жыл басынан бері өлім-жітім көрсеткіші 11 пайызға, ана өлімі 32,4 пайызға, бала өлімі 35,5 пайызға төмендеді. Білім беру саласында 4,9 мың оқушыға арналған 10 мектеп және 4 қосымша оқу корпусы салынған. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, қаланы көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жалпы жыл соңына дейін қаладағы жасыл-желек көлемі жан басына шаққанда 12,3 шаршы метрге дейін арттыру жоспарланған.
Алматы қаласының әкімі Президентке жыл басынан бері жасыл-желекті автоматтандырылған суару жүйесімен қамту көрсеткіші 3,4 есе өскенін мәлімдеді. Биылғы 9 айда 405 гектар аумақта жұмыс жүргізілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 587 гектарға дейін жеткізілмекші.
Сонымен қатар әкім Президентке Алматыдағы орталықсыздандыру ісінің аралық нәтижелері жайында да баяндады. Бұл бағытта қалада аудан әкімдіктерінің бюджеттері 3,1 есеге, яғни 184,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Сонымен қатар аудандық әкімдіктер қосымша 15 функция берілгенін айта кетуіміз керек. Бүгінде 196 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 100 шақырымнан астам сумен жабдықтау және су тарту желілері салынды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды сапалы сумен, су бұру желілерімен қамтамасыз ету, инвестиция тарту жөніндегі шараларды күшейтуді, сондай-ақ Алматы агломерациясымен көлік байланысын жақсарту жөніндегі жобаларды одан әрі дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды.