Президент туралы заң Парламентте екінші оқылымда қабылданды

Президент туралы заң Парламентте екінші оқылымда қабылданды
Aqorda

Парламент екінші оқылымда жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды Dala News.

Құжатта Президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісілген әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі мәртебесі бекітілген. Сонымен қатар Президент халық бірлігінің, мемлекеттік биліктің, Конституцияның, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде айқындалды.

Заң аясында Президентті сайлау тәртібі, ант қабылдау рәсімі және өкілеттік мерзіміне қатысты нормалар нақтыланды. Бұл өзгерістер кезектен тыс сайлау институтының алынып тасталуына байланысты енгізілген.

Құжатқа сәйкес Президент Бас прокурорды, Конституциялық сот төрағаларын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысын, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын, Ұлттық банк төрағасын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің басшысын тағайындайды. Ал Жоғарғы сот төрағасы Жоғары сот кеңесінің ұсынысымен бекітіледі.

Сонымен қатар Құрылтаймен келісу арқылы вице президентті, Премьер министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін және Жоғарғы сот судьяларын тағайындау қарастырылған.

Заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – вице президент институтының енгізілуі. Енді ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге мемлекеттік органдармен өзара жұмыс барысында Президенттің өкілі ретінде әрекет етеді.

Сондай ақ құжатта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері жеке баппен бекітілген. Оған құрамды қалыптастыру және ұйымдық инфрақұрылымды қамтамасыз ету міндеттері кіреді.

Не өзгерді?

Бұған дейін Қазақстанда вице президент лауазымы болған жоқ, мемлекеттік басқару жүйесінде мұндай институт қарастырылмаған еді. Президенттің өкілеттіктері негізінен қолданыстағы конституциялық нормалар арқылы реттелді.

Жаңа заң қабылданғаннан кейін Президент институтының құқықтық мәртебесі кеңейтіліп, өкілеттіктер нақты бөлінді. Вице президент қызметі енгізіліп, Құрылтаймен жұмыс істеу тетіктері заңмен бекітілді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасындағы функцияларды нақты ажырату және тежемелік әрі тепе теңдік жүйесін күшейту көзделіп отыр.

Депутаттардың пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңартып, өкілеттіктердің қайталануын азайтуға және шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.