Freedom Inside '26

Президент Берік Уәлидің есебін тыңдады

Президент Берік Уәлидің есебін тыңдады
Aqorda.Kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есепті тыңдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақорда мәліметінше, Берік Уәли Президентке 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы төрт айдағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы облыстың өңірлік жалпы өнімі 3,9 трлн теңгеге жеткен. Ал биылғы қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Осы кезеңде инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң өсім сақталған.

Берік Уәли инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы да есеп берді. Оның мәліметінше, өткен жылдан бері өңірдің инвестициялық пулына кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайған. Ал жоспарланған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін артқан.

Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, құны 577,5 млрд теңге болатын «Аягөз - Бақты» теміржол желісі салынып жатыр. Сонымен қатар Семей қаласында құны 714 млрд теңгені құрайтын жаңа жылу электр орталығының және инвестиция көлемі 255 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүргізілуде.

Кездесу барысында арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі де талқыланды. Семей қаласында құрылуы жоспарланған аймақта жалпы құны 400 млрд теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асырып, 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта үш ірі жоба бойынша ұсыныстар түскен.

Облыс әкімі Алакөл туристік аймағын дамыту жұмыстары туралы да ақпарат берді. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын қайта жаңғырту үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ Президентке өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша қолға алынған жобалар таныстырылды. Оның ішінде сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері қамтылды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді, экономиканы әртараптандыруды, инфрақұрылымды жаңғыртуды, халықтың тұрмыс сапасын арттыруды және «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.