Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек қауіпсіздігіне қатысты қатаң тапсырмалар берді

Ақтоты Жапатова 10 мау. 2025 11:38

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге байланысты жауапты органдар мен жұмыс берушілерге бірқатар нақты тапсырма жүктеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Отырыста өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын толық цифрландыру мәселелері қаралды. Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Адам өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негізделуі керек. Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін, автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті», - деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов:

  • 1 қарашаға дейін өндірістегі жарақат алу жағдайларын тіркейтін ақпараттық жүйелерді біріктіруді;

  • 1 желтоқсанға дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйе құруды тапсырды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.

Сондай-ақ Премьер-министр жұмыс берушілерге келесі міндеттерді жүктеді:

  • Жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасау;

  • Жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын енгізу;

  • Халықаралық стандарттарға сай кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесін енгізу.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жарақат алу фактілерін жасыруға жол бермейтін заңнамалық түзетулерді 1 қарашаға дейін дайындау тапсырылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жыл соңына дейін өндіріс пен құрылыс салаларында арнайы қауіпсіздік жабдықтарын орнату міндеттелсе, Төтенше жағдайлар министрлігіне кәсіпорындарды өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар