Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшылығына Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов Мемлекет басшысының елді одан әрі индустрияландыру және цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жаңа энергия өндіруші қуаттарды уақытылы іске қосу маңызды екенін айтты.
Осыған байланысты Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына энергетика саласындағы негізгі жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыру тапсырылды.
Премьер-министрдің айтуынша, көмір химиясы саласындағы әлеуетті ескере отырып, көмірді терең өңдеу жобаларына жеке инвестиция тарту жұмыстарын жандандырып, әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейту қажет.
«Еліміздің экономикасын дамыту энергетикалық қуаттарды арттыруды талап етеді. Бұл әрі қарай индустрияландыруды, цифрландыруды және инфрақұрылымның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін маңызды», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының Алматы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын уақытында пайдалануға беру бойынша жеке жауапкершілігі бар екенін еске салды.
Премьер-министр «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа арнайы тоқталып, өткен аптада Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын аралап шыққанын айтты.
«ЖЭО-3-тегі жағдай қанағаттанарлықсыз. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жыл соңына дейін аяқтамасаңыздар, жеке жауапкершілігіңіз туралы мәселе қаралады. Бұл жұмысты күнделікті бақылауға алыңыз», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр мұнай мен газ өндірудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөз жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.