47 жастағы Ғалымжан Сәдуақасов былтыр зейнетке шықты. Соңғы жұмыс орны - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы. Басылым мәліметінше, Шекара академиясының бұрынғы оқытушысы 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Көктөбеде шекарашылар мен ішкі істер министрлігі бөлімшелері арасында атыс болғанын айтқан.
Сәдуақасовтың сөзінше, 6 қаңтарда академияға офицерлер мен курсанттарды телемұнара орналасқан қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Көктөбе тауына жіберу туралы бұйрық түскен. Курсанттармен бірге подполковник те сол жерге барған. Топта одан бөлек тағы 13 адам болған.
"Азаттық радиосы" мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қанды оқиғалардан кейін "2022 жылы қаңтардың алғашы күндері "қылмыскерлер телерадиохабар тарататын Көктөбе мұнарасын басып алып, сол жерден хабар таратып, талаптарын айтпақ болды, бірақ шекарашылар шабуылды тойтарды" деп мәлімдеді. Алайда Ғалымжан Сәдуақасовтың берген айғағы күш құрылымдары мүлде жұмыла әрекет етпегенін көрсетеді екен.
"...Генерал блокпост басшысы етіп, орнына мені қойды. Мен топты екіге бөліп, Көктөбеге апаратын қос жолды қорғай бастадық. Біз кіммен соғысып жатқанымызды да білмедік. Өз тобымдағы көлік жүргізушісіне "олар көлденең тұрған бетте газды бас та, қағып өт" дедім. Яғни пулемет болмағандықтан, оларды көлікпен басып-жаншуға тура келді. Кешкі сағат 9-ға таман бір көлік бар жылдамдығымен келіп кілт тоқтады. Мен аспанға оқ аттым. Сол кезде топтағы жігіттер де оқ жаудыра бастады. Біз құдды бір сол көлікті атқылап жатқандай болдық. Көлік кері қарай қатты жылдамдықпен құйғыта жөнелді. Кейін олар барлауға келгені анықталды. Біз оқ ата бастағанға телемұнараны басып алды деп ойлап қалса керек. Мен жігіттерді жинап, "енді атпаңдар" деп қаруларын тастауды бұйырдым. Сәлден кейін Көктөбеге бес көліктен, арасында жеңіл көліктер мен екі Hummer бар лек келді", - дейді Сәдуақасов.
Ол ескерту болсын деп оқ атқан, кейін бәрі басталып кеткен. Ал басылым деректеріне сүйенсек, шекарашылар Көктөбеге лаңкестер емес, полицияның арнайы жасағы келгенін білмеген. Оларға ешкім ескертпеген. Шекарашылардың әскери көлігінің тас-талқаны шыққан.
Сәдуақасов есеңгіреп, тез әрекет ете алмағанын да мойындайды. Қоластындағылар да абдырап қалған. Өзімен бірге болған 13 шекарашының тоғызы ұрыс алаңынан қашып кеткен.
...Подполковник атыс біршама уақыттан кейін саябырсығанын айтады. Шекарашылар біреудің айқайын естиді. Бұл көмек сұрап жатқан қарсы тараптың адамы болатын.
"Не істейміз деп өзара ақылдастық. Жолдасымның біреуі "бұл тұзаққа түсірудің амалы шығар, оның көзін құртайық" деді. Мен: "Жоқ, көзін құртпайық, одан да қолға түсірейік, ертеңгі күні, міне, жауап алатын тұтқын бар деп есеп берсек те жақсы емес пе?" деймін.
Жерде жатқан жараланған адам куәлігін көрсетіп, "Мен де сендермен біргемін!" деді. Есімге "барып көрші" дедім. Өзіме іштей "Қазір өзің барып көр десе, бара алмайсың ғой" деп қоямын. Есім ештеңе деместен, әлгіге жақындап барып, "Біздікі екен, біздікі!" деп айқайлады. ІІМ қызметкері, майор. Оғымыз оның төрт жеріне тиген екен.
Беті қағаздай бозарып кетіпті, өлім аузында жатыр. "Әй, өлме!" деп оны сілкілеп жатқанымыз есімде. Ол "Ана! Анам! Соңғы рет анаммен сөйлескім келеді" деді. Телефонын алып, анасының нөмірін іздей бастадық. ...Сол күйі тілдесе алмады. Бұлай болады деп ойламадық. Оның жарасын таңу керек еді, ал бізде таңатын ештеңе болған жоқ. Денесінің оқ тиген тұстарын қолымызбен бітеп әлекпіз. Абырой болғанда, байланыс іске қосылды. Болған жайтты баяндап, жедел жәрдем шақырдық. Олар келіп, жараланған азаматты алып кетті. Бұл менің өмірімдегі ең ұзақ және азапқа толы түн еді. Мен көз ілмей, "Біз не бүлдіріп қойдық?!" деп ойланумен болдым. Әлгі жігіт көз жұмған шығар деп ойлаған едім. Бірақ аман қалыпты", - дейді ол.
Подполковник Сәдуақасов полицей нақты қалай жараланғанын білмейтінін жеткізді. Сонымен қатар, ұрыс кезінде жараланған жігітті көргенге дейін "лаңкестермен соғысып жатырмыз" деп ойлағанын айтады. Полицияға "ат" деген бұйрықты кім бергенін әлі күнге түсінбейді.
"Біз телемұнараға күндіз шықтық. Халықтың біразы біз бара жатқанымызды көрді. Телеорталық директоры да қорғауға келгенімізді білетін. Біздің сонда екенімізден бәрі хабардар еді. Сонда ІІМ қызметкерлеріне "шабуыл жаса" деп бұйрық берген кім? Бұл әлде арандатушылық па? Не екенін түсінсем бұйырмасын?" - дейді ол.
https://dalanews.kz/del-qazir/97580-basy-dauga-qalgan-satybaldy-qazaqfi