Петропавл қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған баласына бірнеше жыл бойы алимент төлеуден жалтарып келгені үшін бас бостандығынан айырылды. Оның қарызы 1,5 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот мәліметінше, ер адам сот шешімімен ұлын асырауға алимент төлеуге міндеттелген. Алайда жұмыс істеуге және табыс табуға мүмкіндігі бола тұра, ресми жұмысқа орналаспаған, халықты жұмыспен қамту орталығына да жүгінбеген. Соның салдарынан алимент бойынша берешегі 1,5 миллион теңгеден асып кеткен.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгенін ескерген. Сонымен қатар оның бұрын алимент төлемегені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, ал осыған дейін Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаны назарға алынған.
"Сотталушыға өз әрекетін түзетуге мүмкіндік берілгенімен, ол тиісті қорытынды шығармаған. Бұдан бөлек, 2021 жылдан бері ұлымен байланыс орнатпаған, оның тәрбиесіне қатыспаған әрі денсаулығы мен тағдырына қызығушылық танытпағаны анықталды. Осыған байланысты сот оны кәмелетке толмаған баланы асырауға қаражат төлеу міндетін орындамағаны үшін кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп хабарлады сот.
Сот үкімі заңды күшіне енді.