Петропавлда ағаш отырғызуға 600 млн теңгеге тікелей келісімшарт жасалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы "Goszakup turaly" telegram-арнасы мәлімдеді. Дереккөздің жазуынша, қала әкімдігіне қарасты ТКШ бөлімі келісімшартты төтенше жағдай салдарын жою негізінде рәсімдеген. Алайда авторлар мұндай тәсілдің қаншалықты заңды әрі негізді екеніне күмән келтіріп отыр.
Сонымен қатар бұл жалғыз келісімшарт емес екені айтылды. Жуырда Пёстрое көлі аумағын абаттандыруға байланысты тағы 2,4 млрд теңгенің сатып алуы жарияланған. Бұдан бөлек, екі панноны жөндеуге 112 млн теңге бөлінген.
Goszakup авторларының айтуынша, аталған жобалардың барлығы тікелей келісімшарт арқылы жүзеге асырылып жатыр. Олардың пікірінше, мұндай тәсілді қолдануға жеткілікті негіз көрсетілмеген.
“Әкімдік өкілдері заң нормаларын алға тартып, жұмыстарды қысқа мерзімде орындау қажеттігін айтуы мүмкін. Бірақ бірнеше күн айырмашылық үшін конкурс өткізуден бас тарту қисынсыз”, – делінген жазбада.
Арна авторлары мұны мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жүйелі мәселе екенін жеткізді. Олардың сөзінше, тапсырыс берушілерге тым көп еркіндік берілгендіктен, сатып алулар нақты әрі ашық алгоритммен емес, өз қалауынша жүргізіледі.
Сондай-ақ 600 млн теңгелік келісімшарт Мещан орманындағы ағаш отырғызу жұмыстарына байланысты болуы мүмкін екені айтылған. Алайда тікелей келісімшарттардың жабық форматына байланысты нақты ақпаратты анықтау мүмкін болмай отырғаны аталып өткен.