Петропавл қалалық соты қалалық әкімдікке қарасты ең ірі коммуналдық кәсіпорындардың бірін басқарған Павел Булаевқа үкім шығарды. Ол бюджет қаржысын ірі көлемде жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Экс-депутатпен бірге үш әріптесіне де түрлі жаза тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Булаев 2017 жылдан бастап “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” КМК-ны басқарып, кейін 2023 жылы облыстық мәслихат депутаты атанған. Бірақ былтыр ақпан айында СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оны бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұстады. Тергеу нәтижесінде оның орынбасары Денис Маршалов, заңгер Руслан Яковенко және тағы бір қызметкер Лев Шакшакбаев та күдікке ілінді.
Олар өз аттарына компания ашып, кәсіпорынмен келісімшартқа отырып, кәріз жүйесін қайта жаңарту, сорғы станцияларын жөндеу, техника жалдау қызметін көрсеткен. Алайда бұл компаниялардың кейбірінде не техника, не қызметкер болмаған. Барлық жұмыстарды іс жүзінде әкімдікке қарасты жұмысшылар атқарған. Ал бөлінген қаражат күдіктілердің қалтасына түскен.
Булаев бұл іске бұрынғы әйелі Анжелика Булаеваны да тартқан. Оның атына компания ашып, қаржыны соған аударып отырған. Бұдан бөлек, Булаев бар мүлкін де экс-жарының атына рәсімдеген. Тергеу барысында олардың ара-қатынасы қағаз жүзінде ғана үзілгені анықталған.
Сот отырысында Анжелика Булаеваның атына тіркелген дүние-мүліктер де жария етілді:
– Қала орталығындағы құны 19 млн теңге болатын дүкен,
– Жалпы құны 94 млн теңгеден асатын алты пәтер,
– 27 млн теңгенің шеберханасы, бірнеше жер телімдері,
– Toyota Land Cruiser 200 (32 млн тг),
– Екатеринбургте тіркелген BMW X6 (14 млн тг),
– Юрий Чеканиннің атына тіркелген Porsche Macan,
– “Техносила СК” ЖШС-ге тиесілі техника – екі экскаватор, Foton, КамАЗ, УАЗ және ГАЗ-53 көліктері.
Сот үкіміне сай, Павел Булаевпен бірге оның үш сыбайласы – Маршалов, Яковенко және Шакшакбаев 7 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырылды. Бұған дейін олар үйқамақта отырған. Сот залында қамауға алынды.
Судья Азамат Әшімов:
"Сот айыпталушылардың ешқайсысы кінәсін мойындамағанымен, олардың қылмысы толық дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде кәмелетке толмаған балалары бар екені ескерілді. Дегенмен, ауырлататын мән-жайлар да болды", – деді.
Барлық сотталғандар енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот және қаржы саласында жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар, қала әкімдігіне келген шығын өтелуі тиіс – 805 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылуы міндеттелді.