Перизат Қайраттың ұсталуы: Балаева пікір білдірді

Қаракөз Амантай 14 қар. 2024 16:40 2691

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жемқорлық ісі бойынша ұсталған “Biz Birgemiz Qazaqstan” қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, бұл жағдай қайырымдылық көмек көрсету жүйелерін ерекше назарға алуды көрсетеді.

“Волонтерлер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмек көрсету жүйелерін жетілдіру қажет екенін еске салып отыр.

Қазіргі кезде Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылық белсенді түрде дамып келеді. Алайда бұл сонымен қатар алаяқтық пен пайдакүнемдік әрекеттерге де қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан барлық қазақстандықты қайырымдылық көмек қорларын мұқият зерттеуге және тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын", - деп жазды министр.

Еске салайық, бүгін ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген едік.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар